
Шымкент қаласындағы «Сауда-логистикалық орталығы» индустриялық аймағында алкогольсіз сусындар өндіретін заманауи зауыт өз жұмысын жүргізіп келеді.
Кәсіпорынды «КОКА-КОЛА АЛМАТЫ БОТТЛЕРС» БК ЖШС жүзеге асыруда. Жобаға 27 млрд теңге инвестиция тартылып, өндірістік қуаты жылына 283 млн литр өнім шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 100 жаңа жұмыс орны құрылды.
Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орнының іске қосылуы қаланың тамақ өнеркәсібін дамытуға, өңдеу секторындағы өндіріс көлемін арттыруға және инвестициялық әлеуетін нығайтуға серпін беруде. Сонымен қатар, кәсіпорынның Шымкентте орналасуы отандық өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қала экономикасының тұрақты өсуіне ықпал етіп отыр. Инвестициялық жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы Шымкенттің өндірістік әлеуетін арттырып, қаланы жаңа технологиялар мен заманауи өндірістер шоғырланған ірі экономикалық орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.









