
Ақтоғай ауданында «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық жобасы аясындағы байқауға дайындық жұмыстары жалғасуда. Аудан бойынша 160 оқушы байқауға тіркеліп, батырлар жырын жатқа айтуға дайындалуда.
Осыған орай оқушылар мен ұстаздардың қатысуымен ақпараттық-танымдық кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде жобаның мақсаты мен маңызы түсіндіріліп, байқауға дайындалу кезінде назар аударылатын негізгі мәселелер талқыланды.
Қатысушыларға жырдың мазмұнын терең түсіну, оқиғалар желісін жүйелі меңгеру, көне сөздер мен тарихи атаулардың мағынасын ажырату жөнінде бағыт-бағдар берілді. Сондай-ақ көлемді шығарманы жаттаудың тиімді тәсілдері, мәнерлеп оқу және тыңдаушыға жыр мазмұнын көркем жеткізу жолдары сөз болды.
Мұндай кездесулер оқушылардың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, олардың есте сақтау, еркін сөйлеу және көпшілік алдында өзін ұстау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Ұлттық рух пен тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған жобаға белсенді қатысып жатқан Ақтоғай ауданының жас жыршыларына сәттілік тілейміз!









