
Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың аудан тұрғындарымен және бизнес өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындар мен кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тыңдау, ұсыныстарын талқылау және әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстарды саралау.

Жиын барысында Ерлан Сағынаев мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау және бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында 31 тамыздан бастап әлеуметтік кәсіпкерлер «Іскер аймақ» бағдарламасына салалық шектеулерсіз қатыса алады. Бағдарлама шеңберінде үш жылға дейінгі мерзімге 200 млн теңгеге дейінгі кредит бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 50 пайызына дейін субсидиялау қарастырылған. Сонымен қатар, 5 млн теңгеге дейінгі гранттар, жеңілдікті үй-жайлар және қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылады. Вице-министр цифрлық құралдарды дамыту мәселесіне де тоқталды. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі таныстырылды. Аталған сервис кәсіпкерлік қызметке қойылатын заңнамалық талаптарды жүйелеп, бизнес өкілдеріне өз қызмет бағытына қатысты қажетті ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жиында әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру мәселелері талқыланды. Осы бағытта Ұлттық экономика министрлігінде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс тобы құрылғаны айтылды.

Кездесу барысында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асхат Райымбеков ауданда кәсіпкерлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «KazPlast» ЖШС-нің жылына 90 мың дана қысқы арнайы жұмыс киімдерін өндіретін тігін фабрикасы іске қосылды. Сонымен қатар, 2026 жылы жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын екі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 19 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Инвестициялық әлеуетті арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Киелітас ауылдық округіндегі 24 гектар аумақта құны 115 млрд теңгені құрайтын «QazCoilPro» ЖШС-нің алюминий орамдарын өндіретін зауытын іске асыру жоспарланған. Жоба аясында 120 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Басқосуда аудан тұрғындары мен кәсіпкерлер тарапынан «Ауыл аманаты» жобасына қатысты бірқатар сауал қойылды. Атап айтқанда, жобаны іске асыру тетіктері, мемлекеттік қолдау шаралары және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мүмкіндіктері жөнінде мәселелер көтерілді.

Жиын соңында тұрғындар мен бизнес өкілдері өз ұсыныстарын білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарына жауап алды. Көтерілген мәселелер тиісті бағыттар бойынша назарға алынды.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі