
Батыс Қазақстан облысында бастауыш сынып оқушыларына шахмат үйрету тәжірибесі жаңа деңгейге көтерілмек. Жаңа оқу жылынан бастап шахмат сабақтары өңірдегі барлық мектептің бастауыш сыныптарында қолжетімді болады.
Бүгінде бұл бағыт бойынша облыста жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соңғы үш жылда 183 мектептің бастауыш сынып оқушылары вариативтік курс аясында шахматпен айналысып жүр.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, алдағы оқу жылында осы тәжірибе кеңейтіліп, БҚО-ның барлық мектебін қамтиды.
Тамыз конференциясында БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі — қала мен ауыл балаларына тең мүмкіндік қалыптастыру екенін атап өтті.
Бұл бастама — балалардың зияткерлік әлеуетін арттырып, стратегиялық және логикалық ойлауын дамытуға, сондай-ақ қала мен ауыл оқушыларына тең білім беру мүмкіндігін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.




