
Зейнеткерлік жасқа толуға кемінде 6 ай қалғанда құжаттарыңызды және еңбек өтіліңіз туралы мәліметтерді алдын ала тексеріп алған жөн.
Алдын ала тексеру не үшін қажет?
• Қателерді түзету
Еңбек кітапшасында немесе мұрағаттық құжаттарда қате, дәлсіздік немесе мөрлердің анық түспеуі сияқты мәселелер кездесуі мүмкін. Мұндай кемшіліктерді түзету белгілі бір уақытты талап етеді.
• Қажетті анықтамаларды жинау
Егер еңбек өтіліне қатысты мәліметтер толық болмаса, бұрынғы жұмыс орындарынан немесе мұрағаттардан қажетті анықтамаларды алуға жеткілікті уақыт болады.
• Зейнетақыны тағайындауды кедергісіз рәсімдеу
Зейнетақы төлемін тағайындауға қажетті құжаттар ХҚКО-ға туған күнге дейін 10 күннен 2 айға дейінгі мерзімде ұсынылады. Дегенмен құжаттарды алдын ала, яғни кемінде 6 ай бұрын тексеріп, дайындауды бастаған дұрыс.
Алдын ала не істеу қажет?
- Еңбек кітапшасын тексеріңіз
Еңбек кітапшасындағы жазбалардың дұрыстығына, еңбек кезеңдерінің толық көрсетілуіне және қажетті мөрлердің болуына көз жеткізіңіз. - Зейнетақы жинақтары мен еңбек өтілі туралы мәліметтерді тексеріңіз
БЖЗҚ-дағы жеке кабинет немесе электрондық қызметтер арқылы зейнетақы жарналарының толықтығын тексеріңіз. - ХҚКО-ға немесе БЖЗҚ-ға жүгініңіз
Құжаттарыңызды алдын ала тексертіп, зейнетақыны тағайындау тәртібі бойынша қажетті кеңес алыңыз.
Зейнетке шығу – алдын ала дайындықты қажет ететін маңызды кезең. Құжаттарыңызды ертерек тексеру ықтимал қателерді уақытылы түзетіп, зейнетақыны рәсімдеу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.







