БАЛАЛАРДЫҢ КӨРУ ҚАБІЛЕТІНІҢ БҰЗЫЛУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    БАЛАЛАРДЫҢ КӨРУ ҚАБІЛЕТІНІҢ БҰЗЫЛУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ
    Көру қабілеті баланың жан-жақты дамуы мен білім алуында маңызды рөл атқарады. Сондықтан көру қабілетіндегі ауытқуларды дер кезінде анықтау және көзді күту талаптарын сақтау көру мүшелері ауруларының алдын алуда айрықша маңызға ие.
    Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-264/2020 бұйрығына сәйкес профилактикалық медициналық қарап-тексеру 1 айдан 18 жасқа дейінгі балаларға жүргізіледі. Оның негізгі міндеттерінің бірі – көру мүшелерінің ауруларын ерте кезеңде анықтау.
    Медициналық қарап-тексеру барысында офтальмолог баланың көру өткірлігін анықтап, көру мүшелеріне сыртқы тексеру жүргізеді, жанама жарықпен және өткізілген жарықта қарайды, офтальмоскопия жасайды. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда 14 және 17 жастағы балаларға қосымша көзішілік қысым өлшенеді.
    2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Ақмола облысындағы мектептер мен мектеп-интернаттарда білім алушылар арасында жүргізілген тереңдетілген медициналық тексеру нәтижесінде көру мүшелерінің 1 492 патология жағдайы анықталды. Оның ішінде 615 жағдай бастауыш сынып оқушыларына, 459 жағдай орта буын оқушыларына, 418 жағдай жоғары сынып оқушыларына тиесілі.
    Көру қабілетіне кері әсер ететін негізгі факторлардың қатарында шамадан тыс көру жүктемесі, компьютерлер мен гаджеттерді ұзақ уақыт пайдалану, жарықтың жеткіліксіз болуы, сабақ кезінде дұрыс отырмау және баланың бойына сәйкес келмейтін жиһазды пайдалану бар. Сонымен қатар дене белсенділігінің аздығы, ұйқы мен демалыс тәртібінің бұзылуы, құнарлы әрі теңгерімді тамақтанбау да көз саулығына әсер етуі мүмкін.
    Көз саулығын қалай сақтауға болады?
    • баланың оқу орнын дұрыс ұйымдастырып, жеткілікті жарықпен қамтамасыз ету;
    • сабақ кезінде денені дұрыс ұстауға дағдыландыру;
    • ұзақ уақыт көруді қажет ететін жұмыста үзіліс жасап отыру;
    • экран алдында үздіксіз ұзақ отырмау және көзге демалыс беру;
    • жатып кітап оқымау;
    • дене белсенділігін арттырып, таза ауада көбірек серуендеу;
    • ұйқы мен демалыс тәртібін сақтау;
    • құнарлы әрі алуан түрлі тамақтануды қамтамасыз ету;
    • профилактикалық медициналық қарап-тексеруден тұрақты өтіп тұру.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары