
7 қыркүйек күні аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндіктің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара заманауи TEDx форматында ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі, оны дамыту және дәріптеу мәселелерін талқылауға арналған ашық диалог алаңына айналды.
Іс-шараға қатысушыларды Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Асқар Нұртазин құттықтап, мемлекеттік тілдің ұлттық бірлікті нығайтудағы, мәдени мұраны сақтаудағы және азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы стратегиялық маңызына тоқталды.
Іс-шараның құрметті қонақтары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Сенатының бұрынғы депутаты Жабал Ерғалиұлы және белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы болды. Олар өз сөздерінде қазақ тілінің өткені, бүгіні мен болашағы, оның мемлекеттің дамуы мен қоғамның рухани жаңғыруындағы орны туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Қараөткел ауылының IT мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Дәуіт Сұрағанның баяндамасы тудырды. Ол өзі әзірлеген DybysDub браузерлік кеңейтімін таныстырды. Аталған инновациялық жоба YouTube платформасындағы бейнематериалдарды қазақ тіліне автоматты түрде аударып, жасанды интеллект технологиялары арқылы дыбыстауға мүмкіндік береді әрі түпнұсқа спикердің дауыс мәнері мен тембрін барынша сақтайды. Автордың айтуынша, жоба мемлекеттік тілдегі сапалы цифрлық контенттің көлемін арттыруға және пайдаланушылардың білім алу мен өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Іс-шара барысында қатысушылар тіл мәдениетін дамыту, цифрлық ортадағы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, сондай-ақ жастар арасында қазақ тілін насихаттаудың заманауи тәсілдері жөнінде пікір алмасты. TEDx форматы шығармашылық зиялы қауым өкілдерін, педагогтарды, мемлекеттік қызметшілер мен жастарды бір алаңға жинап, тіл саясаты саласындағы озық тәжірибелер мен жаңа идеялармен бөлісуге мүмкіндік берді.
Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндік аясындағы іс-шаралар Целиноград ауданында алдағы уақытта да жалғасып, тақырыптық кездесулер, зияткерлік байқаулар, мәдени-ағартушылық шаралар мен шығармашылық жобалар өткізілетін болады. Бұл бастамалар елдегі тілдік әралуандылыққа деген құрметті нығайтуға және мемлекеттік тілдің одан әрі дамуына ықпал етеді.









