Астанада заманауи цифрлық технологиялар полиция жұмысындағы тиімді құралға айналуда

    Астанада заманауи цифрлық технологиялар полиция жұмысындағы тиімді құралға айналуда

    Астанада заманауи цифрлық технологиялар полиция жұмысындағы тиімді құралдардың біріне айналуда. Бетті тану функциясы бар бейнемониторинг жүйесі іздеуде жүрген азаматтарды, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды, көші-қон заңнамасын бұзушыларды және есепте тұрған өзге де санаттағы тұлғаларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

    Жүйе алынған кескіндерді қолда бар деректер базасымен автоматты түрде салыстырады. Іздеу тек фотосурет арқылы ғана емес, адамның сыртқы белгілері – жынысы, жасы, сақал-мұртының болуы, көзілдірік, бетперде немесе бас киім тағуы бойынша да жүргізіледі. Сонымен қатар технология танылған адамның бейнебақылау камералары арқылы қозғалыс бағытын бақылауға мүмкіндік береді.

    Цифрлық шешімнің тиімділігі нақты нәтижелермен де расталып отыр.

    Мәселен, бейнемониторинг барысында жүйе 40 жастағы әйелді таныған. Көзбен шолу арқылы тексеру оның жүйе анықтаған адаммен сәйкес келетінін растады. Әйел мемлекетке келтірілген залалды өтеуден жалтарған борышкер ретінде іздеуде болған.

    Тағы бір жағдайда жүйе соттан жасырынған 34 жастағы ер адамды анықтады. Ақпарат полиция қызметкерлері тарапынан жедел тексерілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ер адам ұсталды.

    Сонымен қатар жүйе ұрлық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы ер адамды анықтады. Ақпарат полиция қызметкерлерімен тексеріліп, нәтижесінде ер адам ұсталды.

    Осылайша, цифрлық технологиялар адамды анықтаудан бастап қажетті шараларды қабылдауға дейінгі уақытты қысқартып, құқық қорғау органдары жұмысының жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Астана қаласының Полиция департаменті заманауи бейнемониторинг жүйелерін енгізу қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, іздеуде жүрген адамдарды уақтылы анықтауға және полиция жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары