Павильондар, кискілер және өзге де шағын бизнес объектілерін орнатуды қоса алғанда, коммерциялық мақсаттар үшін жер учаскелерін беру сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады. Бұл Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген негізгі және міндетті тәртіп.
Аукциондар «Мемлекеттік тізілім» веб-порталында (https://gosreestr.kz) электрондық форматта өткізіледі және барлық өтініш берушілердің ашықтығы мен тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін автоматтандырылған рәсім болып табылады.
Жер учаскесін сауда-саттыққа шығару үшін өтініш беруші учаскенің орналасқан жері бойынша әкімдікке мүдделі аумақты аукционға шығарылатын учаскелер тізбесіне енгізу туралы өтініш береді. Бұл ретте өтініш беруші елді мекен шекаралары шегінде жария кадастрлық картада жер учаскесін бөлу схемасын дербес қалыптастыра алады.
Аукционға қатысу үшін «Мемлекеттік тізілім» порталында тіркелу, лотты таңдау, электрондық өтінім беру және оған электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қою қажет. Сауда-саттық қорытындысы бойынша жеңімпазға мәлімделген коммерциялық мақсаттарды іске асыру үшін жер учаскесі ұзақ мерзімді жалға беріледі.
Жекелеген жағдайларда, егер өтініш беруші уәкілетті орган таныған инвестициялық жобаны іске асырса немесе учаске инвестициялық келісімшарт негізінде мемлекеттік заттай грант ретінде берілсе, жер учаскесі аукцион өткізбей берілуі мүмкін.
Мұндай жағдайларда өтініш «Сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін, мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет шеңберінде «Электрондық үкімет» порталы арқылы беріледі
Мысал:
Өтініш беруші тұрмыстық қызмет көрсету үшін павильон орнатуды жоспарлап отыр. Ол әкімдікке аукционға арналған учаскелер тізбесіне ауданы 0,03 га жер учаскесін қосу туралы өтінішпен жүгінеді. Сауда-саттық туралы ақпарат жарияланғаннан кейін өтініш беруші «Мемлекеттік тізілім» порталында тіркеледі, өтінім береді және электрондық аукционды ұтып алады. Әкімдік шешімінің негізінде оған учаске 5 жыл мерзімге ұзақ мерзімді жалға беріледі.