Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Ғылыми-техникалық кеңесі туралы ереженің 9-тармағына сәйкес (Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Төрағасының міндетін атқарушының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы № 83-н/қ бұйрығымен бекітілген), Кеңес мүшелері болып келесі талаптарға сай келетін ғалымдар бола алады:
- Қазақстан Республикасының азаматтары;
- PhD докторы, бейіні бойынша доктор, ғылым докторы немесе ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі бар, НТК құрамы қалыптастырылған күнге дейінгі 3 (үш) жыл ішінде аккредиттелген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінде жұмыс істеген немесе шетелдік ғылыми ұйымдарда не ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын тұлғалар;
- Агенттік реттейтін салаларда кемінде 5 (бес) жыл ғылыми-зерттеу және (немесе) ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі бар тұлғалар.
Сондай-ақ Кеңес құрамына мынадай ұйымдардың өкілдері кіре алады:
- тиісті мемлекеттік органдар ұсынған мемлекеттік органдардың өкілдері;
- Агенттік реттейтін салаларда тиісті ұйымдар ұсынған ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың өкілдері;
- ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің салалық қауымдастықтарының өкілдері, жер қойнауын пайдаланушылар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылатын бейінді ғылыми ұйымдардың өкілдері;
- Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және олардың бірлестіктерінің өкілдері.
Егер сіз жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келсеңіз, кандидатураңызды қарастыру үшін түйіндемеңізді Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне жолдауыңыз қажет.