Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Атом электр станциясы» ядролық қондырғысы салынатын ауданы туралы» 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 1137 қаулысымен Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылыс ауданы ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы болып белгіленді.
Кейіннен, ашық бәсекелестік диалог әдісімен, бұған дейін «шорт-листке» енген компаниялардың өндірістік нысандарын аралай отырып, реакторлық технологияларды жеткізуші әлемдік жетекші компания өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.
Анықтама:«Шорт тізіміне» «Росатом» МК (РФ), «China National Nuclear Corporation» (ҚХР), «Électricité de France» (Франция) және «Korea Hydro & Nuclear Power» (Оңтүстік Корея) кірді.
Агенттік француздық Assystem инженерлік компаниясының қатысуымен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-мен (бұдан әрі – «ҚАЭС» ЖШС) бірлесіп әзірленген әдістеме негізінде ұсынылған реакторлық технологияларға және әлеуетті вендорлардың басқа да ұсыныстарына, оның ішінде қауіпсіздік, технологиялықпен қаржылық аспектілер, халықаралық тәжірибе, персоналды даярлау, оқшаулау деңгейі және т.б. бөлімдерге интеграцияланған бағалау жүргізілді.
Жүргізілген талдаудың нәтижелері әртүрлі ведомствоаралық алаңдарда қарастырылды, олардың қорытындысы бойынша Қазақстандағы алғашқы АЭС салу жөніндегі халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде «Росатом» МК анықталды.
Бірінші АЭС құрылысы үшін басым алаңды анықтау мақсатында 2025 жылғы 8 тамызда Алматы облысының Жамбыл ауданында инженерлік-іздестіру жұмыстары басталды. Инженерлік іздестірулерді жүргізудің мақсаты - электр станциясын орналастыру үшін барынша қауіпсіз әрі тиімді алаңды таңдауға әсер ететін табиғи, геологиялық, сейсмикалық, гидрологиялық, техногендік және әлеуметтік факторларды кешенді бағалау. Іздестіру жұмыстарын жүргізу мерзімі шамамен 18 айды құрайды, осы уақыт ішінде алаңның сипаттамалары туралы объективті деректер алу үшін барлық маусымдық өзгерістерді қоса алғанда, табиғи және климаттық жағдайлардың толық жылдық циклін зерделеу қажет. Бұл жер асты сулары деңгейінің маусымдық ауытқуларына, су тасқыны мен метеорологиялық құбылыстарға, сейсмикалық белсенділікке байланысты тәуекелдерді жан-жақты бағалау, сондай-ақ табиғи факторлардың құрылысқа және АЭС одан әрі қауіпсіз пайдалануға ықтимал әсерін ескеру үшін қажет. Іздестіру нәтижелері ұлттық және халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жоба алдындағы құжаттаманы дайындаудың және АЭС-ті одан әрі жобалаудың негізі болады.