Қауіпсіздік отынның өзінен басталады. Отынның конструкциясы тізбекті реакцияның жылдам үдеуіне жол бермейді. Бұдан әрі реактордың герметикалық қабығы және белсенді аймақ бұзылған жағдайдың өзінде оны ұстап қалуға арналған балқыма тұтқышы бар. Сутегі жарылысын болдырмау үшін реактор корпусының ішінде оның жиналуына жол бермейтін пассивті рекомбинаторлар орнатылған.
Реактордың айналасында азаматтық ұшақтың құлауына, жарылыс толқынына және сыртқы әсерлерге төтеп бере алатын темірбетоннан жасалған қос қабатты қорғаныс қабығы (контайнмент) қарастырылған.
Халықаралық есептеулерге сәйкес, заманауи АЭС-терде белсенді аймақтың балқуымен ұласатын ауыр аварияның болу ықтималдығы бір реактор-жылға шаққанда 10 миллионнан бір жағдайды құрайды. Бұл көрсеткіш дерексіз теория емес, ол нақты сынақтардың, стресс-тесттердің және нақты модельдерді бағалаудың нәтижесінде алынған.
Станция жобасы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ұсынымдарына сәйкес келеді және әлемдік үздік тәжірибелерді ескереді. Халықтың, қоршаған ортаның және персоналдың қауіпсіздігі - басты басымдық, ал АЭС құрылысы барлық нормалар мен стандарттардың сақталуына толық кепілдік берілмейінше басталмайды.
Заманауи реакторлар – бұл АЭХА-ның талаптарына сәйкес қауіпсіздік сипаттамалары жақсартылған III+ буынды реакторлық технологиялар болып табылады. Жаңа буын реакторларының басты ерекшелігі - станцияны сыртқы (магнитудасы 9 балдық жерасты дүмпулеріне төтеп береді) және ішкі әсерлерге барынша төзімді ететін белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің бірегей үйлесімі, соның ішінде автономды қуат көзінің болуы. Бұдан бөлек, АЭС-тің заманауи жобаларында радиоактивті заттардың қоршаған ортаға шығуын болдырмау және персоналды қорғау үшін бірнеше тәуелсіз физикалық кедергілер мен дәйекті қорғаныс деңгейлерін пайдалануға негізделген тереңдетілген қорғаныс қағидаты қаланған.