Кез келген басқа жылу электр станциясы сияқты, АЭС-те өз жұмысы барысында белгілі бір мөлшерде су тұтынады. Айта кету керек, АЭС - бұл көмір қазандығының орнына атом реакторы орнатылған сол жылу станциясы. Қалған барлық жабдықтар ұқсас: турбиналар, генераторлар, электр жабдықтары және т.б.. Сондықтан, суды пайдалану туралы айтқанда, АЭС-тің басқа жылу станцияларымен салыстырғанда ешқандай айырмашылығы жоқ. Жылу станцияларындағыдай, АЭС-те де сыртқы су турбинадан кейін тұрған конденсаторды салқындату үшін қолданылады және ол атом реакторының технологиялық жүйелерімен ешқандай байланысқа түспейді. Су шығыны салқындату жүйесіне тәуелді. Мысалы, егер АЭС теңіз жағалауында орналасса, онда теңіз суының үлкен көлемі айдалатын тікелей ағынды салқындату жүйесі қолданылады. Әрине, мұндай жүйе шектеулі су айдындары үшін жарамсыз, сондықтан өзендер мен көлдерде салқындату мұнаралары пайдаланылады.
Салқындату мұнараларының су шығыны климаттық жағдайларға, яғни оларда айналымда жүретін су көлемінің булану шамасына байланысты болады. Қуаттылығы 2400 мегаватт болатын екі блокты АЭС үшін судың жобалық шығыны жылына шамамен 63 млн текше метрді құрайды. Бұл жылына 18 млрд текше метрден асатын Балқаш көлінің табиғи булану деңгейінің 0,32%-ына тең. Балқаш көліндегі судың жалпы көлемі шамамен 108,3 млрд текше метрді құрайтынын ескерсек, АЭС көлдің су балансына ешқандай әсер етпейді деп айтуға толық негіз бар. Іс жүзінде су шығыны тек жүйені толықтыруға ғана жұмсалады, өйткені су тұйық контур бойымен айналады және бұл процесс су айдынынан қосымша су тұтынумен байланысты емес.
Қазақстанда салынуы қарастырылып жатқан реакторлардың барлығы екі контурлы болып табылады, онда бірінші контурдағы айналымдағы су белсенді аймақпен тікелей жанасады. Бірінші контурдағы судың жылуы жылу алмастырғыштар арқылы екінші контурдағы суға онымен араласпай беріледі. Бұл ретте реактордың екінші контурында өндірілетін бу турбинаны қозғалысқа келтіреді. Осыған байланысты, су айдыны реакторды салқындату контурларымен ешқандай жағдайда тікелей байланыспайды.