Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (АДҚ) республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұсынылады. Ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №ҚР ДСМ-75 «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығымен реттеледі.
Көрсетілген тізбе негізінде және емдеуші дәрігердің қорытындысы бойынша белгілі бір аурулармен ауыратын науқастар дәрі-дәрмектерді тегін немесе жеңілдікпен алуға құқылы:
- ТМККК - халықтың әлеуметтік осал топтары үшін;
- МӘМС - созылмалы аурулары бар сақтандырылған тұлғалар үшін.
Дәрі-дәрмек алу үшін:
- Емханаға тіркелуі;
- Бекітілген Тізбеге енгізілген диагнозы болуы;
- Дәрігерден тағайындау алуы;
- Ақпараттық жүйеде рецепт жасатып, тіркелген емханаға қызмет көрсететін дәріханадан препараттарды алуы қажет.
Дәрі-дәрмек беруден бас тартқан жағдайда науқас медициналық ұйымның әкімшілігіне, Денсаулық сақтау басқармасына шағымдануға немесе eGov порталы арқылы өтініш беруге құқылы.