Төтенше жағдай саласындағы өзекті мәселелер

    Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі

    Сұрақ

    Төтенше жағдай саласындағы өзекті мәселелер

    Жауап

    Тақырыбы : «Төтенше жағдай саласындағы өзекті мәселелер».

    2022 жылғы 5-19 қаңтар аралығында ҚР Президентінің Жарлығы негізінде ҚР аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді. Төтенше жағдай нормалары бойынша бүгінгі күні халықты қызықтыратын ең өзекті мәселелерді қарастырайық:

    1. Төтенше жағдай режимі нені білдіреді?

    Төтенше жағдай – азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау мүдделерiнде ғана қолданылатын және азаматтардың, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарына жекелеген шектеулер белгiлеуге жол беретiн және оларға қосымша мiндеттер жүктейтiн, мемлекеттiк органдар, ұйымдар қызметiнің ерекше құқықтық режимі болып табылатын уақытша шара (Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 1-б. 5) т.).

    1. Төтенше жағдайды енгізудің мақсаты қандай?

    Төтенше жағдайды енгiзуге себеп болған мән-жайларды жою, адам мен азаматтың қауiпсiздiгiн, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғауды қамтамасыз ету төтенше жағдайды енгiзудiң мақсаты болып табылады (Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 3-б.).

    1. ҚР-да төтенше жағдай режимін енгізуге кім уәкілетті?

    Қазақстан Республикасының бүкiл аумағындағы немесе оның жекелеген жерлерiндегi төтенше жағдайды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрiмен және Парламентi палаталарының төрағаларымен ресми консультациялардан кейiн Қазақстан Республикасының Президентi тиiстi жарлығымен енгiзедi, бұл туралы Қазақстан Республикасының Парламентiне дереу хабарланады (Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 5-б. 1-т.).

    1. Төтенше жағдайды енгізуге не негіз болып табылады?

    Төтенше жағдайды енгiзу негiздерi болатын мән-жайларға:

    - шектес мемлекеттер аумақтарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы жаппай өтуден; Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге әрекеттенуден; терроризм актілерінен; билiктi күштеп басып алуға немесе Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билiктi күшпен ұстап тұруға бағытталған iс-әрекеттерден; жаппай тәртiпсiздiктерден, ұлтаралық және конфессияаралық жанжалдардан; жекелеген жергілікті жерлердi, аса маңызды және стратегиялық объектiлердi қоршап алудан немесе басып алудан; заңсыз қарулы құралымдарды дайындаудан және олардың әрекетінен; қарулы бүліктен; диверсиядан; қарулы қақтығысты күштеп таңу мақсатында басқа мемлекеттер тарапынан жасалатын арандатушылық iс-әрекеттерден туындаған әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар;

    - дүлей зiлзала (жер сiлкiнiсi, сел, қар көшкiнi, су тасқыны және басқалар), дағдарысты экологиялық жағдайлар, табиғи өрттер, эпидемиялар мен iндеттер, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдалуы, өнеркәсiптiк, көлiктiк және басқа авариялар, өрттер (жарылыстар), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар ауаға жайылатын (жайылу қаупi бар) авариялар, үйлер мен ғимараттардың кенеттен құлауы, су бөгеттерiнiң бұзылуы, тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электрэнергетикалық және коммуникациялық жүйелердегi, тазарту құрылғыларындағы авариялар себеп болған және жағдайды дереу тұрақтандыруды, құқық тәртiбiн қамтамасыз етудi, қажеттi құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу үшiн жағдай жасауды талап ететiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар жатады.

    Дүлей зiлзаланың немесе кең көлемдi аварияның (апаттың) нақты қаупi де азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның ұсынуы негiзiнде төтенше жағдай енгiзуге негiз болуы мүмкiн (Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 4-б. 2-т.).

    1. Төтенше жағдайдың құқықтық режимі кезінде қандай орган басқару органы болып табылады?

    Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың құқықтық режимі кезінде шұғыл ден қою және басқару жүйесінің жұмыс органы жедел штаб болып табылады (Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 3-1-б. 3-т.).

    1. Төтенше жағдайдың қолданылу мерзімі қандай?

    Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында енгiзiлетiн төтенше жағдайдың күшiнде болу мерзiмi - 30 тәулiктен, ал оның жекелеген жерлерiнде 60 тәулiктен аспауға тиiс (Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 7-б. 1-т.).

    1. Төтенше жағдай режимін кім жояды?

    Егер төтенше жағдайды енгiзуге негiз болған мән-жайлар жойылған болса, Қазақстан Республикасының Президентi оның күшiн ол енгiзiлген мерзiм аяқталғанға дейiн толық немесе iшiнара жоюға құқылы (Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 9-б. 1-т.).

    1. Төтенше жағдай кезінде қандай арнайы мемлекеттік басқару органдары құрылады?

    Төтенше жағдайды енгiзуге негiз болған мән-жайларды жою жөнiндегi мәселелердi шұғыл шешу және iс-шараларды жүргiзу мақсатында Қазақстан Республикасының Президентi мемлекеттiк басқарудың төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi арнайы органдарын құруы мүмкiн, оларға: Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк комиссия, жергiлiктi жердiң комендатурасы жатады (Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 11-б. 1-т.).

    1. Жергiлiктi жердiң коменданты дегеніміз кім?

    Жергiлiктi жердiң коменданты – Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын, төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жердегi комендатураның қызметiне басшылық жасайтын және төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ететiн күштер мен құралдарды бiртұтас басқаруды жүзеге асыратын лауазымды адам (Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 1-б. 2) т.).

    1. Төтенше жағдай енгiзiлген кезде қандай негiзгi шаралар мен уақытша шектеулер қолданылады?

    Төтенше жағдай енгiзiлген кезде оның қолданылу кезеңiнде мынадай негiзгi шаралар мен уақытша шектеулер:

    1) қоғамдық тәртiптiң сақталуын, аса маңызды мемлекеттiк және стратегиялық объектiлердiң, сондай-ақ халықтың тыныс-тiршiлiгiн және көлiк қызметiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн объектiлердiң күзетілуін күшейту;

    2) төтенше жағдай енгiзiлген жерде жүрiп-тұру еркiндiгiн, оның iшiнде көлiк құралдары қозғалысының еркiндiгiн шектеу;

    3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлiк құралдарын тексеру;

    4) төтенше жағдай енгiзiлген жерге немесе Қазақстан Республикасының аумағына кiруге, сондай-ақ олардан шығуға шектеу белгiлеу;

    5) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ тууға, үйленуге, қайтыс болуға байланысты отбасылық салт-жораларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салу немесе оларды шектеу;

    6) ереуiлдерге және заңды тұлғалардың қызметiн тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдiстерiне тыйым салу;

    7) жарылғыш, радиоактивтi, сондай-ақ химиялық және биологиялық қауiптi заттарды пайдаланатын заңды тұлғалардың қызметiн тоқтата тұру;

    8) егер төтенше мән-жайларға байланысты материалдық және мәдени құндылықтардың жойылуының, ұрлануының немесе бүлiнуiнiң нақты қаупi болса, оларды қауiпсiз аудандарға көшiру;

    9) төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жерде ол қолданылатын бүкiл кезең iшiнде сайлау және республикалық референдумдар өткiзуге тыйым салу;

    10) үкiметтiк байланысты қоспағанда, байланыс желiлері мен құралдарының қызметін тоқтата тұру көзделеді (Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 15-б. 1-т.).

    Ұқсас материалдар

    Сұрақ

    Өтініштер бойынша жиі қойылатын сұрақтардың тізбесі

    Жауап

    № Жиі қойылатын сұрақтар Жауап Сараптама қызметі 1. Сарапшы қорытындысының көшірмесін қалай алуға болады? Іс жүргізу заңнамасына және Қазақстан Республикасының тиісті «Сот-сараптама қызметі туралы» Заңына сәйкес сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өз...

    Сұрақ

    Сот сараптама

    Жауап

    № Сұрақ Жауап 1 Сот сарапшысы қалай болуға болады? Сарапшының сот сараптамасының белгілі бір түрі саласында жоғары білімі және арнайы ғылыми білімі болуға тиіс. Заңда, сот сараптамасы органдарының қызметкерлері мен лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғ...

    Сұрақ

    Зияткерлік меншік

    Жауап

    1. Зияткерлік меншік Тауар белгісін қалай тіркеуге болады? Тауар белгісін тіркеу үшін өтінімді ресімдеп, оны ҚР ӘМ ЗМҚК "Ұлттық зияткерлік меншік институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі мәтін бойынша - "ҰЗМИ" РМК) беру қажет. Тау...