Монументтік өнер құрылыстарын немесе ескерткіштерді орнату ұсыныстары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» №103 бұйрығы (әрі қарай - бұйрық) негізінде жүзеге асырылады.
Аталған бұйрыққа сәйкес монументтік өнер құрылыстарын орнату «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі №1465 қаулысымен айқындалған көрнекті тұлғалардың мерейтойлық және атаулы күндеріне, маңызды тарихи оқиғаларға орайластырылады. Мерейтойлар алғашқы жүз жылдықта - жүз жылдығы, одан кейiнгi жүзжылдықтарда әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi.
Мерейтой аясындағы ұсыныстар облыстық комиссияда қаралып, жинақталған құжаттар (ескерткіштің қаражаты, жер учаскесін бөлу туралы шешімі, облыстық комиссия хаттамасы) республикалық комиссияға жолданады.
Республикалық комиссия ұсынысты қарап, Арнайы жоспарға енгізеді. Бұл жұмыстар ескерткішті орнату жоспарланып отырған жылдың алдыңғы жылында жүргізіледі. Яғни, 2026 жылы мерейтойы аясында ескерткіш орнатылуы жоспарланса, ұсыныс министрлікке 2025 жылдың 1 қарашасына дейін жолданады.
Арнайы жоспарға енгізілгеннен кейін мүсіншілер арасында құрылыстың үздік жұмыс жобаларына республикалық конкурс жарияланады. Конкурсқа ұсынылған жобалар облыстық комиссияда қаралып, республикалық комиссияда мақұлданады.