Өнімдерді отандық шикізатпен өндіру, жалпы саланы дамыту үшін еліміз жеткілікті әлеутке ие. Жеңіл өнеркәсіпке арналған шикізаттың белгілі мөлшері де, қолайлы факторлар да бар. Мақта талшығын өсіру үшін қолайлы климат, мақта талшығын, ірі қара малдың жүні мен терісін қайта өңдеуді одан әрі дамыту мүмкіндігі, тиімді геосаяси орналасуы, көлік инфрақұрылымының болуы, импортты алмастыру және экспорттау әлеуеті бар.
Отандық кәсіпорындар теріні өңдеп, олардан иленген былғары және дайын былғары, сондай-ақ былғары аяқ киім өндіріп отыр. Жергілікті шикізатты мал терісін илеуден өткізіп, былғары өндірісімен айналысатын кәсіпорындар елдің аймағында орналасқан. Осы саладағы кәсіпорындардың басым бөлігі Шымкент қаласында шоғырланған. Сондай-ақ, Алматы, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және республикалық маңызы бар Астана және Алматы қалаларында да өндірушілер бар. «Almaty Tannery» ЖШС компаниясы – былғары краст, дайын былғары жасайтын елдегі ең ірі былғары өндірушілердің бірі болып табылады.