Жалпы ішкі өнімдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,1% құрайды. Жеңіл өнеркәсіп жалпы ішкі өнімнің аз үлесін алғанымен, оның өнеркәсіптік өндіріс көлеміндегі және өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі тұрақты өсуде. Мәселен, соңғы 3 жылда сала өндірісінің көлемі 153,6-дан 211,6 млрд теңгеге дейін өсті (өсім 37,8%).
Бүгінгі таңда еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласы айырықша басымдыққа ие бағыт болып табылады, өйткені халықтың, әсіресе әйелдердің жоғары деңгейде жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етіп отыр. Сала тұтыну деңгейі бойынша азық-түлік өнімдерін тұтынудан кейін екінші орында, жеке пайдалануға арналған өнімдерді шығару арқылы адамдардың материалдық әл-ауқатының маңызды компоненттерінің бірін құрайды.
Министрліктің қызметі елдің мемлекеттік саясатына толық сәйкес келеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 17-бабына сәйкес, мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісін дамытуды ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды іске асырады.