Еліміздің әлемдік кеңістікке шығуы, технологиялық, мәдени, ақпараттық қарым-қатынастар терминология саласына айрықша ықпал етуде. Соған орай тіліміздің терминологиялық жүйесіне көптеген жаңа ұғымдар қосылуда. Тілдегі жаңалықтар ағынын ғылыми тұрғыдан жүйелеп, терминологиялық қалыпқа түсіру – уақыт талабы.
Терминдердің бірізді қолданысын қамтамасыз ету мақсатында көпшілікке қолжетімді бірыңғай электрондық терминология база – termincom.kz сайты іске қосылған. Бұл базада қазақ терминологиясының теориялық және практикалық мәселелеріне арналған еңбектер, мақалалар, салалық терминологиялық сөздіктер және Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдер орналасқан. База жыл сайын Комиссия бекіткен терминдермен толығып отырады, жетілдіріледі.
2022 жылдан бері қоғамдық гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы бекітілген терминдерге мониторинг жүргізілуде.
Қазіргі уақытта сала терминдерін қалыптастыру, сапасын артыру, біріздендіру өзекті болып отыр. 2024 жылдан бастап Республикалық терминология комиссиясы екі бағытта (қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика) жұмыс жүргізуде. Сала бойынша секцияларға ЖОО және ғылыми институттардағы сала мамандары тартылуда.