Өңірлік тіл орталықтарында қазақ тілін оқыту «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілігі» ҚР Ұлттық стандарты негізінде жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, 5 деңгей бойынша «Тілдарын» оқу-әдістемелік кешені, «Қазақ сөзі» қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік жинағы қолданылады.
Бірқатар тіл орталықтары қазақ тілін оқытуда қосымша өздерінің бірегей әдістемелерін пайдаланады. Мәселен Ақтөбе облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы қазақ тілінің 5 деңгейі (А1-С1) бойынша «Оқылым» мәтіндер жинағын шығарды. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша әзірленген «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені (оқулықтар, дәптерлер, аудио дискілер) бірнеше жыл қатарынан еліміздегі аса тиімді оқу құралдарының бірі болып табылады. Қарағанды облыстық соты осы өңірдің Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен бірлесіп 2021 жылы «Қазақ тілі» оқу құралын әзірледі. Сот жүйесі қызметкерлеріне арналған бұл оқу құралы да мамандардың жоғары бағасына ие болды.
Жамбыл облысының тілдерді дамыту басқармасы білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізіп, мобильді қосымшалардың белсенді пайдаланушыларына қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналған «Qazonline» мобильді қосымшасын ұсынды. Қосымша Play Market және App Store арқылы қол жетімді.
Павлодар облысында қазақ тілін үйренушілер үшін бірнеше маңызды жоба қатар жүзеге асырылуда, олардың бірі «Ана тілі» орталығы әзірлеген «Ana tili» мобильді қосымшасы. Өнімді Play Market және App Store арқылы жүктеуге болады.
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы облыстық «Рудный Алтай» газетіндегі «Қазақ тілін үйренеміз» айдары арқылы орыс тілді оқырмандарға қазақ тілін оқытады.
Ересектерді қазақ тіліне оқыту курстарында дәстүрлі әдістермен қатар «Socrative», «Quizizz», «Quizlet», «Kahoot», «Padlet», «Playpozit», «Thinglink»сияқты түрлі әлемдік онлайн-бағдарламалар қолданылады.