Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша

    Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі

    Сұрақ

    Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша

    Жауап

    ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

    Қызмет бағыты

    Сұрақ

    Жауап

    1.

    Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу

    Нормативтік құқықтық акт әділет органдарында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өткенін қалай анықтауға болады?

    «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 35-1 бабы 2-тармағына сәйкес нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу:

    1) Заңның 18-бабының 6-тармағына сәйкес әділет органдары бұрын келіскен нормативтік құқықтық актіге қатысты әділет органдарының заң сараптамасын жүргізуін;

    2) мемлекеттік тіркеу нөмірін бере отырып, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне нормативтік құқықтық акт туралы мәліметтер енгізуді қамтиды.

    Тиісінше, әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық актінің нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі болуға тиіс.

    Бұдан басқа, Заңның 25-бабының 5-тармағында мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде осы нөмірді көрсету бойынша талап белгіленген.

    2.

    Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу

    Азаматтар нормативтік құқықтық актілердің жобаларына оларды әзірлеу барысында ескертулер мен ұсыныстар енгізе ала ма?

    Ия, енгізе алады. Әрбір НҚА жобасы міндетті тәртіпте «Ашық НҚА» интернет-порталында (legalacts.egov.kz) орналастырылады және әрбір азамат мынадай шарттар сақталған кезде ескертулер және (немесе) ұсыныстар енгізуге құқылы:

    1) пайдаланушы «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген;

    2) ескертулерде және (немесе) ұсыныстарда балағат сөздер, қорлау сөздері, жарнама, сондай-ақ заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасына қатысы жоқ өзге де ақпарат жоқ;

    3) ұсыныс енгізілетін және (немесе) ескерту берілетін заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт жобасының нақты құрылымдық элементі (бөлім, бап, тармақ, тармақша) көрсетілген.

    Өз кезегінде, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар ескертулерді және (немесе) ұсыныстарды келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қарайды және негіздемелерін көрсете отырып, оларды қабылдау не қабылдамау туралы қабылданған шешімді ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырады (Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 849 бұйрығымен бекітілген Ашық нормативтiк құқықтық актiлердiң интернет-порталында заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын орналастыру қағидаларының 9-тармағы).

    Бұл ретте, жобаларды жария талқылау үшін әзірлеуші мемлекеттік орган белгілеген мерзімдер аяқталғаннан кейін келіп түскен азаматтардың ескертулері және (немесе) ұсыныстары қаралмайтынын ескеру қажет.

    3.

    Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу

    Қандай мемлекеттік органдардың (немесе өзге де ұйымдардың) нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға өкілеттігі бар?

    «Құқықтық актілер туралы» Заңның 1-бабының 34) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, сондай-ақ осы органдар мен лауазымды адамдардың құқықтық мәртебесін айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес құқықтық актілер қабылдауға құқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары (Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті, Парламент палатасы, Қазақстан Республикасының Үкіметі, республика Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасы республикалық бюджетінің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, орталық атқарушы органдар және олардың ведомствовалары, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, әкімдер, тексеру комиссиялары өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар).

    4.

    Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу

    Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің иерархиясы қандай?

    НҚА иерархиясы «Құқықтық актілер туралы» Заңның 10-бабында көзделген, оған сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясы жоғары заңдық күшке ие.

    Қазақстан Республикасының Конституциясын қоспағанда, өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдық күшiнiң арақатынасы мынадай төмендей беретiн деңгейлерге сәйкес болады:

    1) Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заңдар;

    2) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары;

    3) Қазақстан Республикасының кодекстерi;

    4) Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, заңдары;

    5) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының нормативтiк қаулылары;

    6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтары;

    7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;

    8) Қазақстан Республикасы министрлерiнің және орталық мемлекеттiк органдардың өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары;

    9) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;

    10) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.

    Төмен тұрған деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң әрқайсысы жоғары тұрған деңгейлердегi нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмеуге тиiс.

    Туынды түрдегі нормативтік құқықтық актінің нормативтiк құқықтық актілер сатысындағы орны негізгі түрдегі актінің деңгейімен айқындалады.

    Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының актілері, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары нормативтiк құқықтық актiлердің осы бапта белгіленген сатысынан тыс тұрады.

    5.

    Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу

    Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілермен танысуға болатын Интернет-ресурс бар ма?

    «Құқықтық актілер туралы» Заңның 37-бабының 2-тармағына сәйкес НҚА-ны ресми жариялау электрондық түрде ҚР НҚА эталондық бақылау банкінде (бұдан әрі – ҚР НҚА ЭББ) жүзеге асырылады.

    Өз кезегінде, ҚР НҚА ЭББ - Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне олар туралы мәлiметтер енгiзiлген, қағаз жеткізгіштегі нормативтік құқықтық актілер жиынтығы және электрондық құжат нысанындағы нормативтік құқықтық актілердің электрондық жүйесі.

    ҚР НҚА ЭББ НҚА-ны жариялаудың ресми көзі болып табылады және барлық ниет білдірген азаматтар үшін қолжетімді (http://zan.gov.kz/client/).

    Ұқсас материалдар

    Сұрақ

    Өтініштер бойынша жиі қойылатын сұрақтардың тізбесі

    Жауап

    № Жиі қойылатын сұрақтар Жауап Сараптама қызметі 1. Сарапшы қорытындысының көшірмесін қалай алуға болады? Іс жүргізу заңнамасына және Қазақстан Республикасының тиісті «Сот-сараптама қызметі туралы» Заңына сәйкес сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өз...

    Сұрақ

    Сот сараптама

    Жауап

    № Сұрақ Жауап 1 Сот сарапшысы қалай болуға болады? Сарапшының сот сараптамасының белгілі бір түрі саласында жоғары білімі және арнайы ғылыми білімі болуға тиіс. Заңда, сот сараптамасы органдарының қызметкерлері мен лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғ...

    Сұрақ

    Зияткерлік меншік

    Жауап

    1. Зияткерлік меншік Тауар белгісін қалай тіркеуге болады? Тауар белгісін тіркеу үшін өтінімді ресімдеп, оны ҚР ӘМ ЗМҚК "Ұлттық зияткерлік меншік институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі мәтін бойынша - "ҰЗМИ" РМК) беру қажет. Тау...