Металл сынықтарын жинау және қабылдау пунктін ашқым келеді. Ол үшін қандай рұқсат қажет және негізгі қандай талаптарды орындауым керек?
Металл сынықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу үшін екінші санаттағы рұқсат қажет.
Қазақстан Республикасында түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу қызметін жүзеге асыру үшін екінші санаттағы рұқсат қажет.
Рұқсат алу үшін заңды тұлға бірқатар талаптарға сәйкес болуы тиіс. Атап айтқанда, санитариялық-эпидемиологиялық, өрт және экологиялық талаптарға сәйкес келетін мамандандырылған өндірістік база, металл сынықтарын тасымалдауға арналған көлік құралы, сондай-ақ автокөлік немесе теміржол кірме жолдары бар жер учаскесі болуы қажет.
Сонымен қатар, кәсіпорында металл сынықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу тәртібі туралы басшы бекіткен нұсқаулық және тиісті жабдықта жұмыс істей алатын білікті персонал болуы тиіс.
Өндірістік базада металл сынықтарын бөлек сақтау орындары, сұрыптау, кесу және пакеттеу үшін қажетті жабдықтар, өрт қауіпсіздігі құралдары, таразы және металл сынықтарының радиациялық деңгейін өлшейтін тексерілген дозиметриялық немесе радиометриялық жабдық болуы талап етіледі.
Рұқсат беру талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 19 шілдедегі № 271 бұйрығымен бекітілген. Аталған талаптар 2024 жылғы 10 қазаннан бастап қолданысқа енгізілген.
Құжат қабылдау кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы арқылы жүзеге асырылады.