Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасының негізінде тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды.
Сайлаушылар тізіміне белсенді сайлау құқығына ие және тиісті сайлау учаскелерінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелген, дауыс беру күні 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.
2026 жылғы 7 тамыздан бастап сайлаушыларға нақты сайлау учаскесі бойынша өздері туралы деректердің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексеру мүмкіндігі беріледі.
Сайлаушылар тізіміне енгізілгеніңізді тексеруге немесе сайлаушылар тізіміне енгізілу мәселесі бойынша қайда жүгіну қажет екенін мына тәсілдер арқылы білуге болады:
- мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасындағы сайлау учаскесін іздеу сервисі арқылы;
- сайлау комиссияларының ресми интернет-ресурстары арқылы;
- ұялы байланыс операторларының тіркелген абоненттеріне орталықтандырылған ақпараттық SMS-хабарламаларды жіберу арқылы;
- call-орталықтар арқылы.
Уақытша тіркелген азаматтарды олардың берген өтінішінің негізінде жергілікті атқарушы орган дауыс беру күніне дейін отыз күннен кешіктірмей, яғни 2026 жылғы 23 шілдеге дейін сайлаушылар тізіміне енгізеді.
Өтініш келіп түскен жағдайда, әкімдік азаматты дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізуді және оны тіркелген жері бойынша тізімнен шығаруды ұйымдастырады.
Осы құқықты:
дауыс беру күні тіркелген жері бойынша болмайтыны белгілі азаматтар;
орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқитын, басқа өңірден келген студенттер;
вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады.
Азамат тек бір ғана тізімге енгізіле алады.