
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» Катонқарағайауданындатүркі әлемінің мәдени мұрасы мен өнерін тоғыстыратын халықаралық фестиваль өтеді.
2026 жылғы 10–12 шілде күндері Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі өтеді. Үш күнге созылатын ауқымды мәдени шара түркі халықтарының ортақ тарихын, дәстүрін, өнері мен рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.
Фестиваль бағдарламасына айтыс, поэзия кештері, ұлттық спорт түрлері, аламан бәйге, этно-мәдени жобалар, қолөнер көрмелері, гастрономиялық фестивальдер және халықаралық деңгейдегі концерттік бағдарламалар енген.
Фестивальдің басты ерекшелігі – Пырақ туралы қойылым.
Биылғы фестивальдің негізгі тақырыбы – түркі дүниесінің қасиетті символы саналатын ақ қанатты тұлпар – Пырақ.
Фестивальдің ашылу салтанатында арнайы театрландырылған хореографиялық қойылым ұсынылады. Қойылымда жылқының адамзат өркениетіндегі орны, көшпенділер мәдениетін қалыптастырудағы рөлі, Ұлы дала тарихының жылқымен байланысы және түркі халықтарының рухани дүниесіндегі қасиетті мәні көркем тілмен баяндалады.
Бұл сахналық композиция көрермендерді мыңжылдықтар тереңіне жетелеп, жылқының адам өмірін өзгерткен ұлы құбылыс екенін көрсетуге бағытталған.
Халықаралық гала-концерт.
Фестиваль аясындағы ең ауқымды мәдени оқиға – халықаралық ГАЛА-КОНЦЕРТ болады.
Концерт сахнасында Қазақстанның және түркі әлемінің танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетеді:
- Қазақстаннан – әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген, «Сармат» тобы;
- Қарақалпақстаннан – Ербай Ниязов;
- Әзербайжаннан – Эфенди;
- Өзбекстаннан – Севара Хантуланова;
- Қырғызстаннан – JAX (Джакс);
- Мажарстаннан – Nox тобы;
- Түркиядан – Мұрат Япрак;
- Башқұртстаннан – «Хазина» тобы;
- Моңғолиядан – Субейди Самдум және «От» тобы;
- Тыва Республикасынан – Айзана.
Әлемнің әр түкпірінен жиналған өнерпаздар ортақ түркі мәдениетін дәріптеп, көрермендерге ерекше музыкалық кеш сыйлайды.
Түркі әлемін біріктіретін алаң.
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі – мәдениеттер тоғысқан, бауырлас халықтарды жақындастыратын халықаралық алаң. Фестивальдің басты мақсаты – түркі халықтарының ортақ тарихи тамырын насихаттау, мәдени байланыстарды нығайту және Алтайдың туристік әлеуетін әлемге таныту.
Катонқарағайдың көркем табиғаты аясында өтетін фестиваль қонақтарға ұлттық дәстүр мен заманауи мәдениеттің үйлесімін сезінуге мүмкіндік береді.
Алтай төрінде жүздескенше!