- АӘК дегеніміз не, оны кімдер ала алады, қандай шарттармен және қандай мөлшерде?
Қысқаша жауап:
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) - бұл жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) берілетін мемлекеттік төлем. АӘК екі түрде көрсетіледі: шартсыз және шартты көмек. Көмек мөлшері отбасының жан басына шаққандағы табысы мен өңірлік кедейлік шегінің айырмасына байланысты жеке есептеледі.
Толығырақ жауап:
- АӘК дегеніміз не және кімге тағайындалады?
АӘК Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жан басына шаққандағы айлық орташа табысы өңірлік кедейлік шегінен төмен болған жағдайда беріледі.
- Кімдер құқылы?
АӘК-ке отбасының және жеке адамның жан басына шаққандағы айлық табысы өңірлік кедейлік шегінен төмен болған жағдайда құқығы бар.
- Кімдерге АӘК тағайындалмайды?
АӘК мынадай жағдайларда тағайындалмайды:
- жан басына шаққандағы табыс кедейлік шегінен жоғары болса;
- өтініш беруші материалдық жағдайын тексертуден бас тартса;
- учаскелік комиссия мұқтаждық жоқ екенін анықтаса;
- еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмыспен қамту шараларына қатысудан бас тартса;
- әлеуметтік келісімшарт еңбекке қабілетті отбасы мүшесінің кінәсінен бұзылса немесе орындалмаса (6 айға дейін АӘК алу құқығынан айырылады);
- әдейі жалған мәліметтер/құжаттар ұсынылса (6 айға дейін АӘК алу құқығынан айырылады).
- Көмектің түрлері:
- Шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамту шараларына қатысуға объективті мүмкіндігі жоқ адамдарға (зейнеткерлерге, І–ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, еңбекке қабілетті мүшесі жоқ отбасыларға және т.б.) беріледі.
- Шартты ақшалай көмек – еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларына қатысқан және әлеуметтік келісімшарт талаптарын орындаған жағдайда тағайындалады.
- Әлеуметтік келісімшарт және жеке жоспар:
- Әлеуметтік келісімшарт – өтініш беруші мен мансап орталығы арасындағы екіжақты міндеттемелерді бекітетін келісім (шартты көмек үшін міндетті).
- Жеке жоспар – еңбекке орналастыруға және/немесе бейімдеуге бағытталған іс-шаралар жоспары; әлеуметтік келісімшарттың құрамдас бөлігі.
- АӘК мөлшері қандай?
АӘК мөлшері – өңірлік кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының айырмасы ретінде есептеледі (критерий – медиандық кірістің 35%-ы, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен емес).
Мысал:
5 адамнан тұратын отбасының жалпы табысы – 150 000 тг. жан басына шаққандағы табыс = 30 000 тг (150 000 / 5). кедейлік шегін мысалыға = 45 000 тг. АӘК мөлшері = 15 000 тг әр адамға (45 000 – 30 000). Жалпы АӘК = 75 000 тг айына (15 000 × 5).
- 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы балаларға қосымша төлем
АӘК-пен қатар әр балаға (1 жастан 6 жасты қоса алғанда) қосымша
1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем тағайындалады (2025 ж. – 5 898 тг).
- АӘК алу үшін өтінішті қалай беруге болады және қандай құжаттар қажет?
- Өтініш беру тәртібі:
- тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына;
- мансап орталығы жоқ елді мекендерде – ауыл/кент әкіміне;
- электронды түрде – eGov.kz порталы арқылы.
- Қажетті құжаттар:
Өтініш беруші жеке басты куәландыратын құжатты ұсынуы жеткілікті:
- ҚР азаматының жеке куәлігі;
- ықтиярхат;
- азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
- босқын куәлігі;
- қандас куәлігі.
Отбасы құрамы, табыс, мүлік туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Дегенмен, өтініш беруші қарау процесін жеделдету үшін қосымша құжаттардың көшірмелерін қоса бере алады (мысалы: алимент мөлшері туралы анықтама, құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін отбасы мүшелерінің тұрғын үй төлемдері туралы мәліметтер және т.б.).
Жиі қойылатын сұрақтар:
- Өтінішті айдың басынан бастап беру керек пе? – Жоқ. АӘК өтініш берілген айдан бастап тағайындалады.
- Тіркеу қажет пе? – Иә. Отбасы мүшелерінде сол елді мекенде кемінде 6 ай тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы тиіс.
Нормативтік құқықтық актілерге (сілтеме)
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі http://10.61.42.188/kaz/docs/K2300000224
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 227 бұйрығы)http://10.61.42.188/rus/search/docs/fulltext=32885