Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектілерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдарды орындау мониторингінің нәтижелері туралы ақпарат

    Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

    Ғылымды қаржыландыру саласында

    Ғылымды қаржыландыру саласындағы сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау нәтижелері бойынша іс-шараларды орындау шеңберінде:

    – конкурстық құжаттаманы қалыптастыру кезеңінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруда сметаның қаржы-экономикалық негіздемесі енгізілді;

    – аккредиттеу туралы куәлік болмаған немесе оның қолданылу мерзімі өткен жағдайда шарт жасасуға және қаржыландыруға техникалық тыйым белгіленді;

    – халықаралық бағдарламалар шеңберінде бір ғана мақсатқа қосарланған бюджеттік қаржыландыру мен бірлесіп қаржыландыру алу мүмкіндігі жойылды ( сатып алынған жабдықтың құнын өтеуге берілетін субсидиялар және грант бойынша жабдық сатып алу).

    Бұдан басқа, ғылымды қаржыландыру мәселелерінде цифрлық шешімдерді кеңінен қолдану мақсатында мынадай іс-шаралар іске асырылды: «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы» (бұдан әрі – МҒТСҰО) ақпараттық жүйесінде жобаларға қатысушы тұлғалар туралы мәліметтер шифрланды, этика нормаларын бұзуға жол берген тұлғалардың бюджеттік қаржыландыруға қол жеткізуі белгілі бір мерзімге шектелді, бір өтінімге қайта сараптама жүргізуге тыйым салынды, өтінімдерді қарайтын сарапшыларды қолмен іріктеу жойылды, сондай-ақ МҒТСҰО ақпараттық жүйесіндегі барлық өзгерістер туралы мәліметтердің сақталуы қамтамасыз етілді.

    Білім беруді қаржыландыру саласында (Оқу-ағарту министрлігі)

    Жоспарда 14 іс-шара көзделген, олардың барлығы орындалды.

    Білім беру жүйесін цифрландыру шеңберінде 2 966 білім беру ұйымының 2 962-сінде (99,9%) қызметкерлердің келуін автоматтандырылған бақылаудың аппараттық-бағдарламалық кешендерін енгізу аяқталды.

    Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды жетілдіру мақсатында «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі пысықталуда, кейіннен оған биометриялық сәйкестендіру және жалақы аудару операцияларын автоматтандырылған форматтық-логикалық бақылау тетіктері интеграцияланады. Аталған іс-шаралар «Бірыңғай бұлттық бухгалтерия» ақпараттық жүйесін орналастыру үшін «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп жүйені техникалық жаңғырту және инфрақұрылымды дайындау шеңберінде іске асырылуда.

    Бюджеттік жоспарлауды автоматтандыру мақсатында бюджетті жоспарлаудың ақпараттық жүйелерін 12 мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграциялау қамтамасыз етілді, бұл бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде қызметкерлер мен білім алушылардың контингенті туралы мәліметтерді пайдалануға мүмкіндік береді.

    Білім беру ұйымдарында бухгалтерлік есепті орталықтандыру жөніндегі жұмыс жалғасуда. Бүгінгі күні орталықтандырылған бухгалтериялар Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында, Абай облысында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында енгізілді.

    Денсаулық сақтау саласында

    «СҚ-Фармация» ЖШС-де және «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК-де жүргізілген сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау қорытындысы бойынша 52 ұсыным енгізілді. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша 41 ұсыным орындалды, 11 ұсыным бақылауда тұр.

    2026 жылғы сәуір – маусым аралығында Денсаулық сақтау министрлігі Жол картасының қалған 24 іс-шарасының 11-ін іске асырды, олар нормативтік реттеуді жетілдіруге, процестерді цифрландыруға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған.

    Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу жүйесін жетілдіру

    Тіркеу рәсімдерімен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында заңнамалық және нормативтік өзгерістер кешені іске асырылды.

    Атап айтқанда, дәрілік заттар (ДЗ) мен медициналық бұйымдардың (МБ) бағасын тіркеудің бірыңғай процесін енгізу жөніндегі ұсынымды орындау мақсатында Мемлекет басшысы 2026 жылғы 24 маусымда ДЗ мен МБ-ға сараптама жүргізу, мемлекеттік тіркеу және баға тіркеу рәсімдерін біріктіруді көздейтін Заңға қол қойды. Қабылданған өзгерістер ДЗ мен МБ-ның қауіпсіздігі, сапасы және тиімділігі туралы қорытынды беру, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу, тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу) және баға тіркеу рәсімдерін біріктіре отырып, «Бір терезе» қағидаты бойынша композиттік мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз етті.

    Бұл өтініш берушінің аталған рәсімдерден дәйекті түрде өтуін, құжаттарды қайта ұсынуын және оларды бірнеше мәрте қарауды болғызбауға мүмкіндік берді.

    Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 25 тамыздағы № 83 бұйрығымен 2021 жылғы 27 қаңтардағы № ҚР ДСМ-10 бұйрығына өзгерістер енгізу арқылы жеделдетілген сараптама тағайындау рәсімі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер қатарына жатқызылды. Бұл аталған рәсімді мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттары бойынша жүзеге асыруға, қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен қадағалануын арттыруға, сондай-ақ оны еркін қолдану мүмкіндігін болғызбауға мүмкіндік берді.

    Тіркеу рәсімдерін жетілдіру шеңберінде жоғарыда аталған 2025 жылғы 25 тамыздағы бұйрықпен № ҚР ДСМ-10 бұйрығына отандық және шетелдік өндірістегі ДЗ мен МБ үшін тіркеу дерекнамасы құжаттарының тізбесін саралауды көздейтін өзгерістер де енгізілді.

    Сонымен қатар МБ-ның құрамдас бөліктерін тіркеу куәлігіне енгізуге бірыңғай талаптар белгіленді. Іске асырылған шаралар заңнаманың бірізді қолданылуын қамтамасыз етіп, талаптардың біржақты емес түсіндірілуін болғызбады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетті.

    Қосымша, Сараптама жүргізу қағидалары 22-1-тармақпен толықтырылды, онда сарапшылардың тіркеу дерекнамасы құжаттарының дұрыстығын тексеру бойынша толық шаралар қабылдау міндеті бекітілді. Бұл сараптамалық бағалаудың объективтілігін арттырып, анық емес құжаттарды пайдалану тәуекелдерін барынша азайтты.

    Сараптамалық қызметті жетілдіру

    Ұсынымдарды орындау мақсатында 2025 жылғы 25 желтоқсанда 2023 жылғы 7 маусымдағы № 110 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, сарапшылардың мәртебесі нақтыланды және оларға қойылатын біліктілік талаптары арттырылды. Қабылданған шаралар сараптамалық қызметтің сапасын арттыруға, мамандарды тартуда формалды тәсілді болғызбауға, сондай-ақ қажетті білімі, тәжірибесі мен құзыреттері бар білікті мамандарды сараптама жүргізуге тарту және олардың кәсіби даярлығына бірыңғай талаптар белгілеу есебінен қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруға бағытталған.

    Ақпараттық жүйелерді цифрландыру және интеграциялау

    Процестерді автоматтандыру және адам факторының әсерін азайту мақсатында «СҚ-Фармация» ЖШС SmartBridge платформасы арқылы ақпараттық жүйелердің РЭДО-мен интеграциялануын қамтамасыз етті. Тіркеу куәліктері бойынша жүзеге асырылған деректер алмасу ДЗ мен МБ-ға берілген, қайта ресімделген, тоқтатыла тұрған және қолданысы тоқтатылған тіркеу куәліктері туралы мәліметтерді алуды автоматтандыруға, оларды қолмен өңдеуді болғызбауға және ақпараттық өзара іс-қимылдың жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді.

    Бұдан басқа, медициналық техниканы жарақтандыруды, жаңартуды және оған сервистік қызмет көрсетуді мониторингтеу функционалы енгізілді, ол сервистік қызмет көрсетуді бақылауды және жабдықтың техникалық жағдайы туралы мәліметтерді жүргізуді көздейді. Аталған функционалды іске асыру сервистік қызмет көрсетудің орталықтандырылған есебін қамтамасыз етіп, мониторинг жүйесін одан әрі дамытуға негіз жасады.

    Мемлекеттік реттеудің ашықтығы мен объективтілігін арттыру

    Тіркеу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 25 тамыздағы № 83 бұйрығымен № ҚР ДСМ-10 бұйрығына медициналық техниканың пайдалану құжаттамасының құпиялылығын алып тастайтын өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде мүдделі тұлғалардың аталған ақпаратқа ашық қол жеткізуі қамтамасыз етіліп, ДЗ мен МБ мемлекеттік тізілімінің ашықтығы артты.

    Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы № 110 бұйрығымен 2020 жылғы 12 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-247/2020 бұйрығына ДЗ мен МБ-ға шекті бағаларды қалыптастыру кезінде мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мәліметтерін пайдалануды көздейтін өзгерістер енгізілді. Бұл шешім қабылдау кезінде мемлекеттік ақпараттық жүйелердің анық мәліметтерін пайдалануға, өтініш берушілердің жекелеген растайтын құжаттарды ұсыну қажеттігін болғызбауға, мәліметтерді автоматтандырылған тексеруді қамтамасыз етуге, баға белгілеу рәсімінің объективтілігін арттыруға, адам факторының әсерін төмендетуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік берді.

    Халық көші-қоны саласында

    2026 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тұрақты тұруға рұқсат беру жөніндегі мемлекеттік қызметке құжаттар қабылдау Қазақстанның бүкіл аумағында ХҚКО арқылы жүзеге асырылады.

    QazETA мобильді қосымшасы:

    – 2025 жылғы 15 шілдеден бастап E-Visa, ETA және E-residency модульдерімен пилоттық режимде іске қосылды;

    – 2025 жылғы 15 шілдеден бастап электрондық визалар ( E-Visa) беріледі;

    – 2025 жылғы 24 қазаннан бастап ETA қызметін алу функционалы жаңартылды;

    – 2025 жылғы 6 қарашадан бастап ЖСН-ді қашықтан беру үшін E-residency модулі іске қосылды;

    – 2025 жылғы 20 қарашадан бастап ҚР-да 30 күннен астам болатын шетелдік азаматтардың құрылғыларының IMEI-ін кейіннен верификациялау үшін шекарадан өту фактілері туралы анықтама алу қызметі қолжетімді.

    Жеке куәлікті қолданылу мерзімі өткеннен кейін (1 айдан астам) ауыстыру кезінде ӘҚБтК-нің 492-бабына сәйкес әкімшілік айыппұлдың төленгені туралы түбіртекті ұсыну көзделген. Бұл норма ІІМ-нің 30.09.2022 жылғы № 781 бұйрығымен бекітілген.

    Полиция қызметкерлері мен өтініш берушілер арасындағы байланысты болғызбау мақсатында уақытша тұруға және еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру және оны ұзарту жөніндегі қызметтер автоматтандырылып, eGov порталы арқылы көрсетіледі.

    Көші-қон полициясының АЖ-де салықтар мен әкімшілік айыппұлдарды төлеуден жалтаратын шетелдік азаматтардың болу мерзімін қысқарту, оларды шығарып жіберу және кіруге тыйым салу жөніндегі функционал іске асырылып, мәліметтер «Бүркіт» БАЖ-ға беріледі.

    ІІМ-нің 08.12.2023 жылғы № 887 бұйрығымен тәртіптік жазаларды бұзушылық дәрежесіне қарай саралау жөніндегі Әдістемелік ұсынымдар бекітілді.

    Көші-қон полициясының АЖ-ін жаңғырту жөніндегі мемлекеттік инвестициялық жоба шеңберінде:

    – мемлекеттік органдардың 25 ақпараттық жүйесімен 100-ден астам интеграция іске асырылды;

    – аумақтық көші-қон қызметтерінің қызметкерлері 8 функционалдық бағыт бойынша оқытылды;

    – КҚП АЖ-нің өнеркәсіптік пайдалануға берілуі 2026 жылғы қаңтар мен наурыз аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылды;

    – КҚП АЖ-нің мынадай жүйелермен интеграциялануы іске асырылды:

    – Мемлекеттік кірістер комитетінің АЖ – салық берешегін тексеру;

    – АИС ОИП – алимент бойынша берешекті тексеру;

    – СИО ПСО ҚСжАЕК – әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды тексеру;

    – «Бүркіт» БАЖ және РП ДРН – кіруге тыйым салуларды беру, бұрын берілген рұқсаттарды автоматты түрде жою және тиісті хабарламаларды жіберу.

    КҚП АЖ-де мыналар автоматтандырылды:

    – лимиттен асқан кезде (бір жеке тұлғада 5-тен астам шетелдік жұмыскер) УТР-ға өтінімдерді қабылдамау;

    – құжаттар топтамасының толықтығын тексеру, міндетті құжаттар болмаған жағдайда мақұлдау мүмкін болмайды;

    – барлық қызмет бойынша өтінімдерді қарау мерзімдерін автоматты бақылау.

    Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау қызметі автоматтандырылды: болжамды шешім бойынша мәліметтер құжаттандыру үшін РП ДРН-ға жіберіледі, өтініш берушілер Мобильді азаматтар базасы және 1414 SMS-шлюзі арқылы хабардар етіледі.

    Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды құжаттандыру (тергеу-қамаудағылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоспағанда) РП ДРИ және ХҚКО арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады.

    «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дағы СЖТТ (ВАКР)

    Агенттіктің ұсынымдарын орындау мақсатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Wabtec (Transportation Global LLC) компаниясымен ТЭ33А/АС және ТЭ33АС/АТ сериялы магистральдық тепловоздарға сервистік қызмет көрсету жөніндегі екі ұзақ мерзімді шарт жасасты (2025 жылғы қыркүйекте қол қойылды).

    Жасалған шарттар шеңберінде сервистік қызмет көрсету құнының төмендеуіне қол жеткізілді, локомотивтердің тегін резерві ұлғайтылды, қосымша өтемақы тетіктері және компания үшін өзге де тиімді шарттар көзделді. Қабылданған шешімдерді іске асыру шамамен 185 млн АҚШ доллары мөлшерінде болжамды экономикалық әсерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Автомобиль жолдарын салу саласында

    Автомобиль жолдарын салу саласындағы сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау нәтижелері бойынша мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдарды іріктеу, жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу, жол жұмыстарын жоспарлау кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ техникалық қадағалаудың мердігерлермен үлестестік фактілері және оны аттестаттау жүйесіндегі олқылықтар анықталды.

    Ел өңірлеріндегі іс-шаралар барысында сметалық құнның 11 млрд теңгеге асыра көрсетілгені анықталды.

    Әзірлеуге 23 млрд теңге ұтымсыз жұмсалған 362 өзекті емес ЖСҚ, сондай-ақ міндетті мемлекеттік сараптамадан өтпеген құны 27 млрд теңге болатын 324 нысан анықталды.

    70 фирманың шамамен 408 млрд теңгеге келісімшарт алу үшін жұмыс тәжірибесі туралы анық емес мәліметтерді пайдаланғаны тіркелді.

    Сыртқы талдау қорытындысы бойынша көлік саласындағы уәкілетті органға жоспарға енгізілген сәттен бастап қаржыландыру және пайдалануға берілгенге дейін құрылысты, жөндеуді (орташа жөндеуді) жүзеге асыру үшін жобалардың басымдығын айқындау тәртібін қабылдау, ЖСҚ әзірлеуге қаражат бөлу тетігін тек құрылысқа қаржы бөлу қамтамасыз етілген жағдайда ғана бастамашылық ету, сондай-ақ тапсырыс берушілердің жобаны сараптамадан өткізбей іске асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілігін енгізу ұсынылды.

    Бұл ретте асыра көрсетілген сметалардың бекітілуіне жол берген және мемлекетке қаржылық шығын келтірген сапасыз сараптама үшін бара-бар жауапкершілік болмады.

    Ұсынымдарды орындау шеңберінде Тапсырыс беруші мен құрылыс салушының қызметін ұйымдастыру қағидаларына Жол активтерінің сапасы жөніндегі ұлттық орталықтың (Ұлттық орталық) ескертулерін міндетті түрде жоюды көздейтін нормалар енгізілді. Сондай-ақ Ұлттық орталық қатыспаған жағдайда комиссиялық сынақтар жүргізудің заңдылығы бекітілді. Мысалы, бұрын Ұлттық орталықтың анықталған ақаулар туралы қорытындылары ұсынымдық сипатта болып, техникалық қадағалау функциялары көбіне формалды түрде орындалатын.

    Оның үстіне, заңнамалық деңгейде ортақ пайдаланымдағы автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуді Ұлттық орталықтың ұйымдастыруы жөніндегі нормалар белгіленді.

    Аталған өзгерістер Ұлттық орталық берген ескертулер жойылмаған жағдайда автомобиль жолы нысандарын пайдалануға беруге тікелей тыйым салады.

    Бұдан басқа, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға автомобиль жолдары нысандарында техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын адамдарды мемлекеттік функцияларды орындайтын адамдарға теңестіруді көздейтін өзгерістер енгізілді.

    Бұл, сөзсіз, аталған мамандардың дербес жауапкершілігін арттырады.

    Құрылыс процестерін цифрландыру мақсатында жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасын қалыптастыру және жүргізу қағидалары бекітіліп, тиісті ақпараттық жүйе енгізілді.

    Аталған платформа деректерді орталықтандырылған жинауды және өңдеуді қамтамасыз етіп, өндірушілерді лоббилеуді және материалдардың сапасы туралы мәліметтерді бұрмалауды болғызбайды, олардың уақтылы жаңартылуына кепілдік береді.

    Жүйеге ашық қол жеткізу жол саласына қатысушыларға нақты карьер өнімінің сипаттамаларынан бастап жаңа қоспаларды қолдану тарихы және зертханалық сынақтардың нәтижелері туралы деректерге дейінгі ақпараттың толық көлемін алуға мүмкіндік береді.

    Жүктеу
    af05669ce227accb01a0213b70a3d4c9_original.51530.docx
    DOCX · 50 КБ
    Жүктеу

    Ұқсас материалдар

    Конкурстар

    Қызылорда облысы Полиция департаменті төмендегі көрсетілген бос лауазымдарға іріктеу жұмыстарын жүргізетіндігі жөнінде жариялайды.

    Х А Б А Р Л А Н Д Ы Р У Қызылорда облысы Полиция департаменті төмендегі көрсетілген бос лауазымдарға іріктеу жұмыстарын жүргізетіндігі жөнінде жариялайды. Орта басшы құрамы бойынша: Қызылорда облысы Полиция департамент...

    ҚР МҚІАЖарияланды:
    Бұйрық

    Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің регламентін бекіту туралы

    ҚР МҚІАЖарияланды:
    Ақпарат

    Қабылданған заңнамалық актілердің іске асырылуы туралы 2026 жылғы «28» тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпараты

    ҚР МҚІАЖарияланды:
    Бұйрық

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы

    ҚР МҚІАЖарияланды:
    Есеп

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары бойынша (Мемлекеттік сатып алу саласында, тұрғын үй бөлу саласы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау) талдамалық есеп

    ҚР МҚІАЖарияланды:
    Хабарландыру

    АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ 27.08.2026 ж.

    АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНА ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРАДЫ. Мекен-жайы: Атырау қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы 55, №408, №409 кабинеттер, анықтама телефондары 8 (7122) 98-24-44, 98-20-62. Орта және кі...

    ҚР МҚІАЖарияланды:
    Бұйрық

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы

    ҚР МҚІАЖарияланды:
    Бұйрық

    Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидаларын бекіту туралы

    ҚР МҚІАЖарияланды: