Жазатайым оқиғаның мән-жайы
Жұмысты шамамен сағат 20:30-да бастап, 4 (төрт) ағаш тұғырды (поддонды) кірпішпен тиегеннен кейін, 2-разрядты қосалқы жұмысшы А 5 (бесінші) ағаш тұғырды жинақтауға кірісті. Бір ағаш тұғырдағы кірпіш саны 400 дананы құрады.
Кірпішті ағаш тұғырларға жинақтау жұмыстарын орындау кезінде А-ның жанында басқа жұмысшылар болған жоқ.
5 (бесінші) ағаш тұғырды тиеп болғаннан кейін, шамамен сағат 22:40-та 2-разрядты қосалқы жұмысшы А (зардап шегушінің айтуы бойынша) жүрелей отырып, оң қолын жерге тіреген. Осы сәтте ағаш тұғырдың жоғарғы қатарының оң жағында орналасқан, салмағы шамамен 4 (төрт) килограмм болатын жоғарғы кірпіш жылжып кетіп, шамамен 1 (бір) метр 30 (отыз) сантиметр биіктіктен А-ның оң қолына құлаған.
Соққы алғаннан кейін А оң қолының 4-ші (төртінші, аты жоқ) саусағында қатты ауырсынуды сезініп, қан кеткенін байқаған.
Шамамен сағат 22:43-те «Б» ЖШС-нің кезекші медицина қызметкері А-ға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, «Кеторол» ауырсынуды басатын препаратын бұлшықет ішіне енгізді және алдын ала оң қолының 4-ші (төртінші, аты жоқ) саусағының ашық сынуын анықтап, аталған саусаққа бекіткіш таңғыш салды.
Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін кезекші медицина қызметкері болған оқиға туралы ауысым бастығы В-ға хабарлап, зардап шегушіні травматологиялық пунктке жеткізуді ұсынды.
Жазатайым оқиғаның себептері
Қауіпсіздік және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты лауазымды адамдар тарапынан жұмыстарды өндірудің қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, атап айтқанда кірпішті ағаш тұғырларға қауіпсіз және кезең-кезеңімен жинақтау тәртібін белгілейтін нұсқаулықтың (технологиялық картаның) болмауы.
Сонымен қатар, А жұмыс беруші тарапынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмеген.
Анықталған бұзушылықтарды ескере отырып, комиссия А-ны кірпішті ағаш тұғырларға жинақтау жұмыстарын өз бетінше орындауға жіберу мерзімінен бұрын жүзеге асырылған және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеген деген қорытындыға келеді.