Орта білім беру: Семей қаласында 62 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 8-і – жекеменшік мектеп. Мектептердің жалпы жобалық қуаттылығы 36 784 орынды құрайды (жекеменшік мектептерде қосымша 1 976 орын), оқушылар контингенті 52 847 оқушы. (жекеменшік мектептерде қосымша 1 199 оқушы, 0–11 сыныптар аралығы).
Оқушы орындарының тапшылығы 4 301 орынды құрайды (қаланың 21 мектебінде). Қалада үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер жоқ.
Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында «Келешек мектептері» жобасы аясында 2025 жылы Семей қаласында екі мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді: Қарағайлы тұрғын ауданында 1 200 орындық №51 жалпы орта білім беретін мектеп және Водный кентінде 600 орындық №52 жалпы орта білім беретін мектеп.
Сонымен қатар, аталған жоба аясында 2026 жылғы 30 наурызда қаланың оң жағалау бөлігіндегі (Связист кенті ауданы) 300 орындық №53 жалпы орта білім беретін мектеп пайдалануға берілді.
Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 2026 жылдың қыркүйек айында қаланың Орталық және Жаңа Семей бөліктеріндегі №4 және №30 мектептерде әрқайсысы 500 орындық екі қосымша ғимараттың құрылысы аяқталады.
Мектепке дейінгі білім беру: Қаладағы 84 мектепке дейінгі ұйымда барлығы 11 698 бала қамтылған. Оның ішінде 15 мемлекеттік балабақшада 3 656 бала, 69 жекеменшік балабақшада 8 042 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептер жанындағы 24 шағын орталықта 695 бала тәрбиемен қамтылған.
Балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 2–6 жас аралығында – 96 %, ал 3–6 жас аралығында – 100%-ды құрайды.
Семей қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайту мақсатында 2025–2026 оқу жылында Абай облысы білім басқармасының Семей қаласының білім бөлімі мемлекеттік білім беру тапсырысын бірқатар жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға орналастырды.
2025 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысын келесі 7 мектепке дейінгі ұйым алды: «Ұлы дала» ЖШС, «Ұлы дала ИК» ЖШС, «Балғын» шағын орталығы ЖШС, «Bastau Kids» ЖШС, «Наруто-1» ЖШС, «Алтын-Таға» балабақшасы ЖШС, «Baby House» балабақшасы ЖШС.
2026 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қызметтерін көрсетушілер қатарына: «Білім-ай» ЖШС, «Білім-ай» балабақшасы ЖШС, «Әлди-әлди» ЖШС, «Little Bala» ЖШС қосылды.
Осылайша, 2025–2026 оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысы мемлекеттік қаржыландыру аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қызметтерін көрсететін 11 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымға орналастырылды.
2026 жылдың сәуір айынан бастап мектепке дейінгі білім беру жүйесіне BALABAQSHA цифрлық платформасы енгізілді. Аталған жүйе аясында балалардың жеке даму карталары толықтай цифрлық форматқа көшірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 2027 жылға дейін жалпы жобалық қуаттылығы 1 420 орын болатын 5 жаңа балабақша салу жоспарланып отыр.
2026 жылы білім беру саласын дамытуға 1272,0 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Оның ішінде 4 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 738,4 млн теңге қарастырылған.
2026 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарына 533 млн теңге бөлінді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары 17 мектепте жүзеге асырылуда, барлығы 27 жоба қамтылған. Оның ішінде қазандықтарды, жылу жүйелерін, ғимарат шатырларын жөндеу, терезелер мен есіктерді ауыстыру, спорт залдарын, жарықтандыру жүйелерін және басқа да нысандарды жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
2026 жылы 7 пәндік кабинет сатып алынды, оның ішінде: 1 физика кабинеті, 1 робототехника кабинеті, 1 химия кабинеті және 4 STEM кабинеті.
Оқулықтармен қамтамасыз ету деңгейі 100%-ды құрайды. 2025–2026 оқу жылына арналған оқулықтарды сатып алуға 238 700 292 теңге жұмсалды.
Инклюзивті білім беру
Инклюзивті білім беру ұлттық білім беру саясатының стратегиялық маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін 9 балабақшада 22 түзету тобы жұмыс істейді. Бұл топтарда тірек-қимыл аппараты, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған және психикалық дамуы тежелген 276 бала тәрбиеленуде. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі ұйымдардағы инклюзивті топтармен қамту көрсеткіші толық қамтамасыз етіліп, 100%-ды құрайды.
Қаланың жалпы білім беретін мектептерінде: инклюзивті сыныптарда – 845 бала (2025 жылы – 806), түзету-дамыту сыныптарында – 71 бала (2025 жылы – 66), үйде оқытылатын балалар саны – 238 (2025 жылы – 232).
№4, №20 және №42 мектептерде түзету-дамыту сыныптары ашылған, онда 71 бала білім алуда (2025 жылы – 66 бала).
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Семей қаласында білім беру ұйымдарындағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қаланың 52 мектебінде қауіпсіздік шаралары кешенді түрде күшейтілген. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында барлығы 2 870 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 1 898-і қалалық жедел басқару орталығына қосылған.
Сонымен қатар, 50 мектеп турникет жүйесімен жабдықталған. Білім беру ұйымдарында мамандандырылған күзет ұйымдарының қызметі ұйымдастырылған.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымдары толықтай дабыл түймелерімен жабдықталған.
Дабыл түймелерімен және жылы дәретханалармен қамтамасыз ету деңгейі – 100%.
Кадрлардың дайындық деңгейі де 100%-ды құрайды.
Тамақтандыруды ұйымдастыру
2025–2026 оқу жылында 53 жалпы білім беретін мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылды, оның ішінде 4 мектептің (№9, №17, №35, №42) асханалары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жұмыс істейді. Қамту көрсеткіші – 100%.
Қала мектептерінде: 1–4 сыныптардың 20 697 оқушысы, 5–9 сыныптардың 1 800 оқушысы, 10–11 сыныптардың 237 оқушысы күніне бір балаға 696 теңге есебінен 100% тегін тамақпен қамтылған.
2025 жылы тегін тамақтандыруды ұйымдастыруға 6 млрд теңге, ал 2026 жылы (5 айға) 2 млрд теңге бөлінді.
Семей қаласының жалпы білім беретін мектептеріне білім бөлімінің 2026 жылғы 13 қаңтардағы №45 хаты арқылы әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды тегін тамақтандыруға арналған мәзір жолданды.
Ыстық тамақ ұйымдастырылған мектептерде мектептік бракераж комиссиялары құрылған. Комиссия құрамына ата-аналар қауымдастығының өкілдері, мектеп медбикесі, директор және тамақтандыруды ұйымдастыруға жауапты директордың орынбасары кіреді. Комиссияның негізгі міндеті – оқушылардың тамақтану сапасына тұрақты мониторинг жүргізу.
Қосымша біліммен қамту
Қосымша білім беру ұйымдарының 8 мекемесінде барлығы 581 үйірме мен секция жұмыс істейді, олармен 13 872 бала қамтылған.
Мектептер жанында 1 048 үйірме мен секция жұмыс істейді, оларға 36 974 оқушы қатысады.
Жазғы демалыс
Қала бойынша 1–10 сыныптарда 47 584 оқушы білім алады, оның ішінде 6 220 бала әлеуметтік осал отбасылардан шыққан.
Жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен 815 баланы қала сыртындағы лагерьлерде демалыспен қамту жоспарлануда (2025 жылы – 1 068 бала). Бұл жалпы оқушылар санының шамамен 1%-ын құрайды.
Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 57 млн теңге бөлінді. 10 күндік жолдаманың құны – 70 000 теңге.
Семей қаласында 2 мемлекеттік лагерь жұмыс істейді: «Радуга» лагері – Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық сарайының жанында, «Жас Қанат» лагері – №36 жалпы орта білім беретін мектеп жанында.
2026 жылы Семей қаласының оқушыларының демалысын 3 сауықтыру лагерінде ұйымдастыру жоспарлануда. Лагерьлер Бесқарағай ауданында орналасқан. Сонымен қатар, Бородулиха ауданының Михайловка ауылында орналасқан «Dos Bol Like» жеке лагері жұмыс істейді.
Ата-аналар қаражаты есебінен қала мектептерінің 360 оқушысы қала сыртындағы лагерьлерде демалады.
Жазғы кезеңде 3 сауықтыру лагері, 54 мектеп жанындағы лагерь, бейіндік алаңдар мен жазғы мектептердің жұмысы ұйымдастырылып, оқушылар шығармашылық, еңбек және зияткерлік бағыттағы іс-шаралармен қамтылады.
Жалпы, оқушылардың 99,3%-ын жазғы демалыс пен сауықтыру шараларымен қамтылады.
Білім беру ұйымдарының ерекше бақылауында тәуекел тобындағы балалар, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар және жекелеген санаттағы балалар болады.
Балалардың шомылуы «Жас Қанат» және «Радуга» лагерьлеріндегі стационарлық бассейндерде ұйымдастырылады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 3 лагерьде барлығы 18 бейнекамера орнатылған, барлық 3 лагерьде хабарлау жүйесі жұмыс істейді, ал 2 лагерь қоршаумен жабдықталған.
2026 жылға қосымша бейнекамералар орнату және қоршаулар салу үшін қауіпсіздік шараларына қосымша 21 млн теңге көлемінде қаржы қажеттілігі бар.
Әдістемелік жұмыс
Семей қаласының мектеп педагогтері мен оқушылары қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулар мен жарыстарға белсенді қатысты. Нәтижесінде 12 педагог республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды (Шәкәрім атындағы №5 көпсалалы гимназия, Экономикалық лицей, Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия, №6 гимназия, №35 жалпы орта білім беретін мектеп, №50 IT-лицей мектебі, №3 жалпы орта білім беретін мектеп, №51 жалпы орта білім беретін мектеп, Жүсіпбек Аймауытов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп).
Мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда өз білім ордаларын лайықты түрде таныта білді. Жыл қорытындысы бойынша 14 оқушы мен 1 команда республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. (Шәкәрім атындағы №5 көпсалалы гимназия, Экономикалық лицей, Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия).
Абай облысының «Абай Қырандары» командасын ерекше мақтаныш сезіммен атап өтуге болады. 19–25 сәуір аралығында Шыршық қаласында өткен «Vatanparvarlar» халықаралық әскери-спорттық жарысында команда жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдығын және жеңіске деген жігерін көрсетіп, ІІ-ші орынды иеленді.
Сондай-ақ, «Мұрагер» домбырашылар ансамблі де елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Ұжым «Altyn Abai» және «ZHANGYRU» халықаралық байқауларында VIP Гран-при иегері атанды. Бұдан бөлек, ансамбль Астана қаласында өткен ІІ республикалық «Ғасырлар үні» домбырашылар байқауында І дәрежелі лауреат атағына ие болды.
Аталған жетістіктер оқушылардың талантының, мақсаткерлігінің және жоғары дайындық деңгейінің, сондай-ақ педагог-тәлімгерлердің кәсібилігінің жарқын дәлелі болып табылады.
Жылыту маусымы
2026 жылғы маусым айындағы жағдай бойынша Семей қаласында өз ғимараты бар 74 білім беру нысанының 62-сі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
2025 жылы 3 мектептің (№2, №12, №48) қазандықтарына , 3 мектепте (№19, №39, №43) жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жылыту маусымы штаттық режимде өтті.
2026 жылы мектеп қазандықтарына отын сатып алуға 105,0 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта отын жеткізу бойынша шарттар жасасу жұмыстары жалғасуда. Маусым айының соңына дейін жеткізушілермен шарттар жасау үдерісі толық аяқталады.
№12 мектеп үшін көмір сатып алуға қосымша қажеттілік 11,0 млн теңгені, ал №53 мектеп үшін 13,8 млн теңгені құрайды.
2026 жылы білім бөлімі 3 нысанда (№30 жалпы орта білім беретін мектеп, №3 бөбекжай-бақшасы, №1 балалар музыка мектебі) жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ №48 жалпы орта білім беретін мектептің жылу трассасын ағымдағы жөндеуге қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім ұсынды.
Жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету
Оқушыларға сапалы білім беруді қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі – интернет желісіне қосылу болып табылады.
Семей қаласының барлық мектептері 100% интернет желісіне қосылған және кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген.
Бөлім басшысының м.а. А.Т. Нуралдинов.