Қазақстандықтардың «БЖЗҚ» АҚ-дағы (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтарының көлемі 2026 жылдың 1 шілдесіне 28,09 трлн теңге болды. 12 айдағы өсім – 4,08 трлн теңге немесе 17,0%. Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) қалыптасқан. Жарнаның бұл түрінің есепті күндегі көлемі – 26,15 трлн теңге, 12 айда 3,30 трлн теңгеге немесе 14,4% өсті.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 12 айда 10,7%-ға ұлғайып, 756,08 млрд теңгеге жетті. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақ көлемі де ұлғайды: 2026 жылғы 1 шілдеге оның көлемі 10,31 млрд теңге болып, 12 айда 18,1% өсім көрсетті.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да ұлғаюда. Былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге ұлғайып, 2026 жылдың 1 шілдесіне 1 175,22млрд теңге болды.