Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы
26 қыркүйектегі № 273-НҚ «Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында демпингке қарсы баж төлемей Жапониядан шыққан, пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілерін әкелуге сан жағынан шектеулерді (квоталарды) бөлу және оларды бөлу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес ҚР Сауда және интеграция министрлігі сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында демпингке қарсы баж төлемей Жапониядан шыққан, пайдалануда болған құйылған алюминий доңғалақ дискілерін әкелуге ЕАЭО СЭҚ ТН 8708 70 500 9 коды бойынша жіктелетін, жылына 135 тонна көлеміндегі сан жағынан шектеулерді (квоталарды) бөлуге өтінімдер қабылдау жүзеге асырылады.
Сыртқы сауда қызметіне әрбір қатысушы үшін демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге арналған лимит 20 (жиырма) тоннаны құрайды. Демпингке қарсы баж төлемей тауарды әкелуге квота көлемін бөлу, квота көлемі толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
Өтініштерді қабылдау және нәтижелерді беру «электрондық үкімет» веб-порталдары: www.egov.kz, www.elicense.kz арқылы жүзеге асырылады.
Өтінімдерді қабылдаудың басталу уақыты: жүйе іске қосылғаннан кейін.
Квота алу үшін қажетті құжаттар тізімі:
- тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына электрондық құжат нысанындағы өтініш;
- сыртқы сауда шартының (келісімшартының) электрондық көшірмесі, қосымшалары және (немесе) оған толықтырулар (біржолғы лицензия үшін), ал сыртқы сауда шарты (келісімшарты) болмаған жағдайда – тараптардың ниеттерін растайтын өзге де құжаттың электрондық көшірмесі;
- лицензиялық алымның төленгені туралы мәліметтер жолдайды. Алым мөлшерлемелері: лицензия бергені үшін - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш. Алым сомасын төлеу екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы немесе «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асырылады.