Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжі

    Жалпы ақпарат


    ҚР ҚМ Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы 1996 жылы 1 шілдеден № 3049 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес құрылған. 1999 жылы 29 шілдеде Қорғаныс министрі армия генералы М.К.Алтынбаев Кадет корпусының Жауынгерлік туын табыстады.

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылдың 11 қыркүйектегі № 570 Қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрілігінің Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы Әскери колледж болып өзгертілді.

    Әскери колледждің мақсаты «әскери істегі кіші буынның бөлімшелерін басқару» мамандығы бойынша кәсіпқой сержанттарды дайындау

    Біліктілігінің атауы:
    1) Мотоатқыш бөлімшелерді басқару;
    2) Танк бөлімшелерді басқару;
    3) Зымыран әскерлер мен артиллерия әскерлерінің бөлімшелерді басқару.

    Әскери колледжіне қабылдау шарты:
    1) әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан үлкен емес азаматтар;
    2) әскери қызмет өткерген азаматтар және оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толғанға дейін әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілер;
    3) жиырма бес жасқа толғанға дейін келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер оқуға түседі.

    Оқуға түсушілер Әскери колледжінің оқуға түсу комиссиясына келесі құжаттардың түпнұсқасын ұсынады:
    1) өтініш (өтініште тегі, аты және әкесінің аты (бар болған кезде), туған күні, айы және жылы, оқуға түсушінің тұрғылықты жерінің мекен-жайы, ата-анасының байланыс деректері көрсетіледі);
    2) жеке куәлігі (түпнұсқасы және көшірмесі);
    3) әскери билет (тек әскери қызметшілер түпнұсқасы және көшірмесі);
    4) білімі туралы құжаттар (түпнұсқасы және көшірмесі);
    5) әскери оқу орнына түсуші азаматтың әскери оқу орнына оқуға түсетін азаматтық медициналық куәландыру картасы;
    6) 3х4 көлемді төрт фотосурет.

    Әскери колледжіне қабылдау үшін құжаттарды ұсыну тәртібі
    1. Мектеп және «Жас ұлан» мамандандырылған лицейінің бітірушілері қатарынан оқуға түсуші Әскери колледжіне оқуға түсу үшін өзінің білім беру ұйымы басшысының атына өтініш береді.

    Білім беру ұйымының басшысы келесі жұмыстарды ұйымдастырады:
    1) Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту;
    2) кәсіби-психологиялық тестілеуді тапсыру;
    3) дене дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру.

    Арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды, аттестаттың кемінде 3.0 орташа балы бар бітірушілер комиссияға кәсіби-психологиялық тестілеу мен дене дайындығы бойынша нормативтерді тапсырады. Оларды тапсыру нәтижелері қабылдаудың І және ІІ кезеңдерінің нәтижелері болып табылады.

    Қабылдаудың ІІ кезеңінен өткен бітіруші қабылдаудың ІІІ кезеңінен өту үшін қабылдау жылының 28-нен бастап 31-ші шілдесіне дейін Әскери колледжіне келеді.

    2. Азаматтар қатарынан оқуға түсуші Әскери колледжіне оқуға түсу үшін қабылдау жылы тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлім (басқарма) бастығының атына өтініш береді.

    Қорғаныс істері жөніндегі бөлім (басқарма) бастығы ҚР ҰҚО туралы Заңға сәйкес арнайы тексеру және Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

    Денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды, үлгерімнің кемінде 3.0 орташа балы бар білімі туралы құжаты бар оқуға түсушілер қабылдау жылының 28-нен бастап 31-ші шілдесін қоса алғанда Әскери колледжге келеді.

    3. Әскери колледжге оқуға қабылданған кадетпен оқу мекемесінде оқитын мерзімге және Әскери колледжін бітіргеннен кейін 5 жыл мерзімге әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт жасалады.