Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты
2001 жылы 15 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1330 қаулысымен ААА жанындағы әскери факультет толыққанды әскери ЖОО – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты (РЭжБӘИИ) болып қайта құрылды.
Осылайша, РЭжБӘИИ қазіргі таңда Орта Азияның посткеңестік республикаларында радиотехникалық мамандықтар бойынша офицер-инженерлер даярлайтын тұңғыш және жалғыз әскери жоғары оқу орны саналады.
Қазіргі уақытта институтта офицер-радиоинженерлерді даярлау 7 мамандық бойынша жүргізіледі. Осы жылдар ішінде институт Қазақстан Республикасындағы жетекші әскери оқу орындарының біріне айналды.
Институттың заманауи оқу-материалдық базасы бар. Оқу аудиториялары мен зертханалары түрлі радиотехникалық стендтермен және компьютерлік техникамен, симуляторлармен және тренажер кешендерімен жабдықталған. Мемлекеттік және шет тілдер кафедраларының кабинеттері лингафондық техникамен жабдықталған. Білім беру сапасын арттыру мақсатында институт үлкен білім беру контентінен тұратын мультиақпараттық білім беру жүйесімен жабдықталған. Институт кітапханасында радиотехника, автоматика, есептеу техникасы және білім берудің басқа да бағыттары бойынша көптеген заманауи оқулықтар мен оқу құралдары бар.
Институт курсанттары әскери-ғылыми қоғамның қызметіне белсенді қатысады. Тәжірибелі оқытушылар мен ғалымдардың жетекшілігімен олар зерттеулер жүргізеді, ғылыми баяндамалар жазады және ғылыми конференцияларға қатысады.
Әскери білім алумен қатар курсанттардың дене дайындығына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта институтта түрлі спорттық секциялар жұмыс істеп, әртүрлі спорттық жарыстар мен іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады.