Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы
Жалпы ақпарат
Басқарманың штаттық саны 21 адамды құрайды. Нақты жасақталуы – 16 адам, штаттық 21 бірліктің 5-еуі бос орын (оның ішінде 1-еуі уақытша).
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды Басқарманың 5 бөлімі жүзеге асырады:
- тау-кен өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімі;
- көтергіш құрылыстар және өсімдік шикізатын қайта өңдеу объектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімі;
- химия және металлургия өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімі;
- салааралық бақылау және қадағалау бөлімі;
- қазандықтар мен газ шаруашылығы объектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімі.
- Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің қызметінде:
- іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады, Министрліктің, Министрліктің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – Комитет) және Департаменттің стратегиялық функцияларын, жұмыс жоспарларын орындауға қатысады;
- өз құзыреті шегінде Комитетпен келісу бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады;
- өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады;
- өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында тексерулер жүзеге асырады;
- өз құзыреті шегінде өтініш берушінің біліктілік және/немесе рұқсат талаптарына сәйкестігіне рұқсаттық бақылауды жүзеге асырады;
- мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетеді;
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, арыздары мен шағымдарын уақтылы әрі сапалы қарайды;
- өз құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп аварияларды тергеп-тексеруді ұйымдастырады және жүргізеді;
- еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның жұмысына қатысады;
- қауіпті техникалық құрылғыларды пайдалануға беру кезінде оларды техникалық куәландыруға қатысады;
- қауіпті өндірістік объектілерде оқу дабылдарын өткізуге қатысады;
- өндірістік ғимараттар мен технологиялық құрылыстарды тексеру және диагностикалау жүргізудің уақтылығына, қауіпті техникалық құрылғылар мен техникалық құрылғыларды техникалық куәландырудың уақтылығына, сондай-ақ нормативтік қызмет ету мерзімін өтеген қауіпті техникалық құрылғылар мен техникалық құрылғыларға олардың одан әрі қауіпсіз пайдаланылуы мүмкін мерзімін анықтау үшін сараптама жүргізудің уақтылығына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
- магистральдық құбыржолды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
- тұрмыстық баллондар мен газбен жабдықтау жүйелері объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуы бөлігінде, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарын қоспағанда, газ және газбен жабдықтау саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
- жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) бойынша жыл сайынғы тексеру жоспарын, жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылмаған субъектілер (объектілер) бойынша 3 жылға арналған тексеру жоспарын, сондай-ақ берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат талаптарына сәйкестікті тексерудің 3 жылдық кестесін жасайды;
- тексеру нәтижелері бойынша акт шығарады, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзушылықтары анықталған жағдайда – анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама, жедел ықпал ету шаралары талаптарының бұзушылықтары болған кезде – өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не тыйым салу туралы акт шығарады;
- өз құзыреті шегінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асырады;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қауіпті өндірістік объектілерді, қауіпті техникалық құрылғыларды немесе техникалық құрылғыларды пайдалануға байланысты бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қызметін немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не тыйым салу түріндегі жедел ықпал ету шараларын қолданады;
- өз құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жарылғыш заттар мен олардың негізіндегі бұйымдардың жоғалу жағдайларын техникалық тергеп-тексеруді ұйымдастырады және жүргізеді;
- жарылғыш заттар мен олардың негізіндегі бұйымдарды бақылау және қабылдау сынақтарын жүргізу жөніндегі комиссия жұмысына қатысады;
- құзыретті органдармен бірлесіп жарылғыш материалдарды жою жөніндегі комиссия құрамына қатысады;
- «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген тәртіппен қатты пайдалы қазбаларды өндіру учаскесіндегі (оның бір бөлігіндегі) операциялардың салдарын жою жөніндегі комиссия жұмысына қатысады;
- «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген тәртіппен қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша жер қойнауы учаскесін консервациялау жөніндегі комиссия жұмысына қатысады;
- «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген тәртіппен жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі комиссия жұмысына қатысады.