Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөлімі

    Жалпы ақпарат

    1. Жалпы ережелер

    1. Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөлімі (бұдан әрі – бөлім) «Абай облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
    2. Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
    3. Бөлімнің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті лауазымды тұлға бекітеді.

    2. Бөлімнің негізгі міндеттері, функциялары,

    Қауіпсіздік жалпы мәселелері, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі функциялары:

    1) дағдарыс және төтенше жағдайлар кезінде Өңірлік жедел штабпен (бұдан әрі – ӨЖШ) жұмысты және өзара іс-қимылды ұйымдастыру (қамтамасыз ету);

    2) дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде ӨЖШ штабының жұмысына қатысу;

    3) облыстық терроризмге қарсы комиссияның жұмысына қатысу;

    4) терроризмге осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау және террористік оқиғаларға ден қою мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасау;

    5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарымен және iшкi iстер органдарымен келiсiм бойынша облыс аумағында орналасқан Терроризмге осал объектiлердiң Тiзiмiнiң жобасын әзiрлеу және әкiмге бекiтуге ұсыну және осы объектiлердiң Тiзiмге енгiзiлгенi туралы объектiлердiң меншiк иелерiн, иелерiн, басшыларын немесе өзге де лауазымды адамдарын хабардар етуді қамтамасыз ету;

    6) терроризм актiсiн (әрекеттерiн) жасау қаупiнiң туындауы туралы меншiк нысанына қарамастан тұрғындарды және ұйымдарды хабардар ету және ақпарат мониторингiнiң мемлекеттiк жүйесiнiң жұмысына қатысу;

    7) елді мекендерде және адам көп шоғырланатын жерлерде террористік қауіп деңгейі туралы сыртқы (көрнекі) ақпаратты орналастыру (плакаттар, стендтер, жарық тақталары, билбордтар, баннерлер) бойынша іс-шараларды (қажет болған жағдайда) ұйымдастыру;

    8) өңірде әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ олардың зардаптарын барынша азайтуға және/немесе жоюға қатысу;

    9) «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметімен авариялық, шұғыл, кезекшілік қызметтері, азаматтық қорғаныс қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

    10) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ұйымдардың қызметін үйлестіру;

    11) жергілікті төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын келісу;

    12) жергілікті төтенше жағдайларды (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі, көшкін, дауыл және т.б.) оқшаулау және жою жөніндегі жедел штабтың жұмысына қатысу;

    13) ерiктi авариялық-құтқару жасақтары үшiн мiндеттердi құруға және қоюға қатысу, олардың арнайы техникамен, жабдықпен, тетіктермен, құралдармен жарақталуын бақылау;

    14) жергілікті төтенше жағдайлардың (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі, көшкін, дауыл және т.б.) зардаптарын жою бойынша құрамалардың жұмысын бақылау, сондай-ақ профилактикалық жұмыстарға қатысу;

    15) төтенше жағдайлардың салдарлары мен зардаптарының алдын алу және жою үшін материалдық ресурстарды бөлу бойынша ұсыныстар дайындау;

    16) төтенше жағдай аймағында зардап шеккендерді (азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, медициналық мақсаттағы бұйымдар және басқа мүлік) қамтамасыз етуді бақылау;

    17) мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін ұйымдастыру, оларды материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша ұсыныстар енгізу;

    18) аварияларды, оқыс оқиғаларды, зілзалаларды, жергілікті жердегі төтенше жағдайларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысу;

    19) азаматтарды әскери қызметке және әскери дайындыққа есепке алу және шақыру мәселелері бойынша облыс әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу және олардың орындалуын бақылау;

    20) азаматтарды шақыру учаскелеріне есепке алу, азаматтарды әскери есепке алу және әскери қызметке, әскери дайындық және жұмылдыру бойынша шақыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

    21) әскери міндеттілерді және шақырылушыларды шақыру учаскелеріне тіркеу, әскери қызметке және әскери дайындыққа шақыру үшін, сондай-ақ жұмылдыру жарияланған кезде жергілікті әскери басқару органдарына шақырылғаны туралы хабардар етуді ұйымдастыру;

    22) азаматтарды әскери қызметке шақыру кезінде басқа елді мекендерден азаматтарды облыстың жинақтау (жиын) пункттеріне жеткізуді ұйымдастыру;

    23) жергiлiктi әскери басқару органдарын жабдықталған шақыру (жинау) пункттермен, дәрiлiк заттармен, аспаптармен және басқа да мүлікпен, автомобиль көлігімен, байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз етудi ұйымдастыру;

    24) азаматтардың әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтау жөніндегі медициналық комиссиялардың құрылуын және жұмысын бақылау;

    25) жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімнің жобасын қалыптастыру кезінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелері бойынша әкімдіктің қызметін жоспарлау;

    26) облыс аумағында әскери-экономикалық, командалық-штабтық, терроризмге қарсы оқу-жаттығулар мен оқу-жаттығуларға қатысу;

    27) басқарманың өкілеттігі шегінде өзге де функцияларды жүзеге асыру. Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген міндеттер.