Қазақстан Республикасының Түрікменбашы қаласындағы Консулдығы

    Консулдық туралы

    Қазақстан Республикасының Түрікменбашы қаласындағы консулдығының ресми сайтына қош келдіңіздер!

    Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылғы 5 қазанда орнатылды.

    Қазақстан Республикасының Түрікменбашы қаласындағы консулдығы 2014 жылдың желтоқсан айында жұмыс істей бастады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 шілдедегі № 773 қаулысы).

    2023 жылдың тамызынан бастап Жәнібек Ғұсманұлы Жұмбергенов Қазақстан Республикасының Түрікменбаши қаласындағы консулдығының басшысы - консулы.

    Қазақстан Республикасының консулдық мекемесі шетелде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары бекіткен ҚР қолданыстағы нормативтік актілеріне, Қазақстан Республикасының Консулдық Жарғысына және Қазақстан Республикасы 1993 жылдың көктемінде қосылған 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена Конвенциясына сәйкес ҚР азаматтары мен шетел азаматтары үшін қызметтер көрсетеді.

    Жаңалықтар

    Барлық жаңалықтар
    ОтырысАяқталды

    Қазақстан Республикасына кіруге электрондық рұқсатты ресімдеу тәртібі туралы

    Рұқсат ресімдеу талабы қолданылатын адамдар Қазақстан Республикасына кіруге алдын ала электрондық рұқсат алу талабы Қазақстанмен визасыз режим қолданылатын 85 мемлекеттің азаматтарына қатысты. Жүйені енгізу кезеңдері 2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Ақтау халықаралық әуежайында, «Үрлітөбе» (Павлодар облысы), «Аухатты» (Жамбыл облысы), «Атамекен» (Түркістан облысы) және «Нұрлы жол» (Жетісу облысы) автомобиль өткізу пункттерінде; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – Астана және Алматы халықаралық әуежайларында; 2027 жылғы 1 наурыздан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы қалған барлық өткізу пункттерінде; 2027 жылғы 1 шілдеден бастап – электрондық рұқсаттың болуы міндетті талапқа айналады. Рұқсаттың болмауы елге кіргізуден бас тартуға негіз болады. Маңызды. 2026 жылғы 1 қарашадан 2027 жылғы 30 маусымға дейін электрондық рұқсаттың болмауы аталған негіз бойынша елге кіргізуден бас тартуға әкеп соқпайды. Бұл кезеңде шетел азаматына рұқсатты ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі. Рұқсатты ресімдеу және шекаралық бақылау тәртібі Өтініш беру. Өтініш Қазақстанға жоспарланған кіру күнінен кемінде 72 сағат бұрын QazETA цифрлық платформасы арқылы электрондық түрде беріледі. Өтініш берушіні сәйкестендіру және (немесе) аутентификациялау көзделген. Рұқсаттың қолданылу мерзімі. 180 күнтізбелік күн. Қазақстан аумағында болуға рұқсат етілген мерзімдер Қағидалардың 14 және 24-тармақтарына сәйкес бөлек айқындалады. Ресімдеу ақысы. 0 теңге. Шекарада ұсынылатын құжат. Мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде өтініш беру барысында пайдаланылған жарамды паспорт немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжат ұсынылады. Шекаралық тексеру. Электрондық рұқсаттың болуы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында көзделген негіздер бойынша елге кіргізуден бас тарту мүмкіндігін жоққа шығармайды. Рұқсат ресімдеуден босатылатын адамдар санаттары Растайтын құжаттары болған жағдайда рұқсат ресімдеуден босатылатын адамдардың 29 санаты көзделген. 1) шет мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың басшылары және олардың отбасы мүшелері; 2) шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың мүшелері және олардың отбасы мүшелері; 3) Қазақстан Республикасының құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері; 4) Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінде, халықаралық ұйымдарда және (немесе) олардың өкілдіктерінде жұмыс істеу үшін Қазақстан Республикасына жіберілетін, дипломатиялық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар дипломатиялық паспорттардың, қызметтік паспорттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің қызметкерлері; 5) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу куәлігінің иелері; 6) курьерлік парағы болса, дипломатиялық поштаны алып жүретін дипломатиялық курьерлер; 7) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шетел азаматтары; 8) он алты жасқа толмаған адамдар; 9) алпыс бес жасқа толған және одан асқан адамдар; 10) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтпей халықаралық әуежайлардың транзиттік аймағында болатын транзиттік жолаушылар; 11) Қазақстан Республикасының қолданыстағы визасы бар шетел азаматтары; 12) Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсаты бар шетел азаматтары; 13) Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары; 14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын деп танылған адамдар; 15) баспана іздеуші адамдар; 16) бас декларацияда (ұшу тапсырмасында) тиісті жазбасы болса, әуе кемелері экипаждарының мүшелері; 17) кеме рөлінде немесе одан үзінді көшірмеде тиісті жазбасы болса, теңіз және өзен кемелері экипаждарының мүшелері; 18) әрбір рейске бекітілетін құрамдау тізімдері бойынша пойыз, рефрижератор және локомотив бригадаларының мүшелері; 19) Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары берген қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, үкіметаралық фельдъегерлік байланыс қызметінің қызметкерлері; 20) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды айдауылмен алып жүруді жүзеге асыратын құқық қорғау органдарының қызметкерлері; 21) мемлекеттердің ресми мемлекеттік және үкіметтік делегацияларының мүшелері және оларды ертіп жүретін адамдар; 22) қызметтік куәліктері (ұйымдар басшылығы мен (жергілікті атқарушы орган) куәландырған атаулы тізімдері) болса, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін қызметкерлер; 23) Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларына мәжбүрлі (төтенше) қонған әуе кемелерінің жолаушылары; 24) Қазақстан Республикасының халықаралық теңіз порттарына мәжбүрлі (төтенше) кірген теңіз кемелерінің жолаушылары; 25) егер бұл Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделсе, іздестіру-құтқару операцияларына байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдар; 26) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шақыруы бойынша гуманитарлық миссияларға қатысу немесе төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін келген адамдар; 27) шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасына келетін медициналық көмек бригадасының құрамындағы медицина ұйымдарының қызметкерлері; 28) халықаралық қатынаста жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүк көлік құралдарының (тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген жалпы салмағы 6 тоннадан асатын немесе тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген пайдалы жүктеме 3,5 тоннадан асатын) жүргізушілері, жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүріп өтетін автобус жүргізушілері (жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орындары 12-ден асатын); 29) жерлеу үшін қайтыс болған адамдардың мәйіттерін алып жүретін, оның ішінде транзитпен өтетін адамдар босатылады. Рұқсат беруден бас тарту және оның күшін жою «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында көзделген негіздер бойынша электрондық рұқсат беруден бас тартылады. Электрондық рұқсаттың күші келесі жағдайларда жойылады: «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында белгіленген негіздер болғанда; Қазақстан Республикасында уақытша болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылданғанда; Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы шешім қабылданғанда; рұқсат Қағидаларда белгіленген тәртіп бұзыла отырып ресімделгенде. Рұқсат беруден бас тарту немесе оның күшін жою туралы хабарлама шетел азаматына цифрлық платформа арқылы жіберіледі.

    30 қазан 2026 ж.Тікелей
    ОтырысАяқталды

    ULTTYQ ÓNIM 2026 отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы көрмесіне қатысуға шақырамыз

    "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ Халықаралық әріптестерді, қаржы институттары мен бизнес қауымдастықты 2026 жылғы 22-24 мамырда Астана қаласында EXPO халықаралық көрме орталығы алаңында өтетін ULTTYQ ÓNIM 2026 отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы көрмесіне қатысуға шақырады. ULTTYQ ÓNIM-600-ге жуық қазақстандық өндірушілерді біріктіретін және бизнесті және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін мүмкіндіктер жасайтын негізгі ұлттық платформа. Көрме аясында: * отандық компаниялардың өнімдерін көрсету * іскерлік және халықаралық серіктестіктер құру * инвестициялық және қаржылық шешімдерді іздеу • B2B-шетелдік серіктестермен кездесулер Іскерлік бағдарлама халықаралық ұйымдар, қаржы институттары мен банктер өкілдерінің қатысуымен Бизнес-форумды қамтиды. Қатысушылар арасында Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі халықаралық ұйымдарды, қаржы институттары мен компанияларды көруге қуаныштымыз. Тіркелу сілтемесі: https://forms.gle/VJx27SDa3aLXu4aD6 "Даму" қоры - біздің қолдауымыз, Сіздің дамуыңыз. Қатысу мәселелері бойынша: [email protected] [email protected]

    11 мамыр 2026 ж.Тікелей
    ОтырысАяқталды

    Қазақ тілін бірге үйренейік!

    Құрметті қандастар! Отандастар қоры қазақ тілін насихаттауды жалғастыра отырып, 2026 жылдың наурыз айынан бастап қазақ тілін үйрету бойынша тегін онлайн курстардың жаңа легін бастайды! Тіл – ұлттың айнасы ғана емес, сіздің өз тарихыңызды терең түсінуге мүмкіндік береді. Бұл курс сіздің мәдени және тілдік деңгейіңізді кеңейтуге көмектеседі. Курсқа қатысушыларға қойылатын талаптары: – Шетелдегі этникалық қазақтар, бұрынғы отандастар, шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт; – Жас ерекшелігі маңызды емес; – Қазақ тілін үйренуге және дамытуға қызығушылығы болуы; – Онлайн сабақтарға тұрақты түрде қатысуы; – Негізгі құрал-жабдықтар: интернетке қосылған компьютер немесе смартфон. Курстың артықшылықтары Тілді меңгеру мүмкіндігі: – Қазақ тілінде еркін сөйлеу, жазу және түсіну дағдыларын дамыту; – Тілді меңгеру арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: мемлекеттік қызмет, бизнес, мәдени шараларға қатысу. Тілдік орта қалыптастыру: – Онлайн курстарда тыңдалым, оқылым, жазылым және сөйлеу дағдылары кешенді түрде дамиды. Мәдениетпен танысу: – Тек тілді ғана емес, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін де үйренуге мүмкіндік береді. Өз-өзіне сенімділік: – Тілді меңгерген сайын, жаңа ортада өз ойын еркін жеткізе алатын деңгейге жетеді, бұл өзіне деген сенімділікті арттырады. Сертификат алу мүмкіндігі. Ол үшін төмендегі шарттарды орындау қажет. Курсты толық аяқтау: – Барлық сабақтарды толық өту; – Әр сабақтың тапсырмаларын орындап, тесттерден өту. Қорытынды тест немесе емтихан тапсыру: – Курсты қорытындылау үшін жалпы білім деңгейін тексеретін емтихан немесе тест тапсыру қажет; Белсенділік: – Сабақтарға тұрақты қатысып, белсенділік танытқан қатысушыларға беріледі. Неге дәл осы курс? – Сізге арналған интерактивті сабақтар; – Қызықты бейнематериалдар мен әдеби шығармалар. Курсқа қалай тіркелуге болады? Онлайн қазақ тілі курсы түрік және орыстілді аудиторияларда А1, А2, В1, В2 деңгейлерінде үйретіледі. Курсқа тіркелу және қатысу үшін деңгейіңізді анықтайтын тесттен өтіңіз 🔽 Орыс тіліндегі тест https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSeHSwC1Bh7oodrUEqaCIVwPXmIlR4yGaMOZa2JjlKkVrwQG6Q/viewform?usp=dialog Түрік және орыстілді аудитория үшін: – 25 ұпайға дейін жинағандар - А1 тобы – 50 ұпай аралығында жинағандар - А2 тобы – 75 ұпай аралығында жинағандар - B1 тобы – 75 ұпайдан көп жинағандар - В2 тобына қосылуыңызды сұраймыз. Орыс тілді аудитория үшін Telegram группалар: А1: https://t.me/+TmqhiKZHeVJiOWEy А2: https://t.me/+erC61FUMki00YTAy В1: https://t.me/+tbNy0C7bOoNlNDA6 В2: https://t.me/+A3V_axFsPp40ZmM6 Сілтеме арқылы қосыла алмаған жағдайда, QR-код арқылы кіруіңізді сұраймыз. Whatsapp және Telegram группаға қосылғаннан кейін оқытушының нұсқаулық беруін күтуіңізді сұраймыз. Оқытушы сабақ кестесін барлық қатысушылар тесттен өтіп болғаннан кейін жолдайды. Сабақ кестесіне бойынша онлайн қазақ тілі курсы 2026 жылдың наурыз айынан басталады

    9 наурыз 2026 ж.Тікелей
    ОтырысАяқталды

    Өңірлік Экологиялық Саммит – 2026

    Саммит туралы Өңірлік Экологиялық Саммит – 2026 Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылды және БҰҰ-мен әріптестік аясында климаттың өзгеруіне қарсы ортақ шешімдер әзірлеу үшін Орталық Азия елдерін біріктіруге бағытталған. Бұл жай ғана кездесу емес — 2024 жылы басталған және 2026 жылғы жоғары деңгейдегі Саммитпен аяқталатын екіжылдық дайындық процесі. Дәл осы Саммитте келісілген экологиялық бастамалар мен өңірлік өзара іс-қимыл тетіктері ұсынылады. Саммит бастамасы халықаралық серіктестер тарапынан кең қолдауға ие болды. Олардың қатарында БҰҰ, үш Рио-конвенциясының хатшылықтары — БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (UNFCCC), Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция (CBD) және Шөлейттенуге қарсы күрес туралы конвенция (UNCCD), сондай-ақ БҰҰ ЕЭК, БҰҰДБ (UNDP), БҰҰ-Хабитат, ЮНЕП (UNEP), ЮНИСЕФ (UNICEF), ЮНФПА (UNFPA), ФАО (FAO), ЮНЕСКО (UNESCO), ЮНИДО (UNIDO), Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (WMO), Халықаралық еңбек ұйымы (ILO), ЭЫДҰ (OECD), Халықаралық энергетика агенттігі (IEA), IRENA, Азия даму банкі (ADB), Дүниежүзілік банк (World Bank), IWMI, SWITCH-Asia және басқа да ұйымдар бар. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы бастаманы БҰҰ Бас Ассамблеясының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы 78/147 қарары — «Экологиялық сын-қатерлер жағдайындағы Орталық Азия: орнықты даму мен өркендеу жолындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту» арқылы қолдады. Бастамаға қолдау мемлекет басшылары деңгейіндегі бірқатар маңызды саяси құжаттарда да бекітілді: Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің Қарабах декларациясы (2024 жылғы 6 шілде, Әзербайжан); Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Алтыншы консультативтік кездесуінің Бірлескен мәлімдемесі (2024 жылғы 9 тамыз, Қазақстан); Түркі мемлекеттері ұйымының Он бірінші саммитінің Бішкек декларациясы (2024 жылғы 6 қараша, Қырғыз Республикасы). 2025 жылы бастама Астана халықаралық форумы, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының ашылу рәсімі, сондай-ақ БҰҰ-ның теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер жөніндегі Үшінші конференциясы (Түрікменстан) барысында одан әрі мойындалып, кеңінен қолдау тапты. Бастама «Бір Тамыр» сөз тіркесінде көрініс тапқан. «Тамыр» сөзі өңірдің барлық дерлік тілдерінде бар және терең мағынаны білдіреді. Тамырлар - ортақ тарих пен табиғатпен байланыс сияқты, ол - қан тамырлары - өңірдің жүрек қағысы мен қозғалысының нысаны, тамырлардың тоғысуы, рухтың және мәдениеттің ортақ желісі. Бұл — Орталық Азияны саяси шекаралармен емес, ортақ мән-мағынамен, жадымен және болашақпен біріктіретін байланыс, тұрақтылық және ортақ мұраның метафорасы. Орталық Азия елдерінің бейнесі Саммиттің эмблемасында (логотипінде) визуалды көрініс тапқан: пішіндері, түстері мен сипаты әртүрлі, бірақ бір-біріне жақын тұрған, алуантүрлілік бірліктің символы ретінде. Штрих-кодтың пішіні де диалог пен іс-қимыл үшін ортақ кеңістікті білдіреді, заманауи тәсілдерді, инновациялар мен шешімдердің технологиялық сипатын бейнелейді.

    1 наурыз 2026 ж.Тікелей