Алматы қаласы цифрландыру басқармасы
Қаланың цифрлық мәдениетін кешенді дамытуды қамтамасыз ету үшін 2019 жылдың қыркүйек айында «Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
Цифрландыру басқармасы Алматы қаласында цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға уәкілетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады. Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен, азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-қимылын жүзеге асырады.
Цифрландыру басқармасының миссиясы – цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру есебінен азаматтар үшін қолайлы қаланы құруға арналған жағдайларды қамтамасыз ету.
Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыру мен оны дамытуды қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру.
Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының міндеттері:
- «Ақылды» қала тұжырымдамасын іске асыруды және тиімді ақпараттық технологияларды енгізуді қамтамасыз ету;
- Алматы қаласы әкімдігінің цифрландыру кеңсесінің жұмысын үйлестіру;
- Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету;
- Алматы қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бақылау;
- Бизнес-процестерді оңтайландыру және мемлекеттік органдардың функциялары мен мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру.