
Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақовтың төрағалығымен аппараттық жиын өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелері қаралды.
Жиынның күн тәртібінде аудан бюджетінің кіріс бөлігін қалыптастыру, салық түсімдерін арттыру және салық салу базасын кеңейту, халықты жоспарлы иммундаумен қамту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы маусымдық жұмыстардың барысы талқыланды.
Салық түсімдері және салық салу базасын кеңейту
Мәртөк аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева мен Мәртөк аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркін Нұрыбаев салық түсімдерінің орындалуы және салық базасын кеңейту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Аудан әкімі салық түсімдерінің тұрақты түсуі жергілікті бюджеттің мүмкіндігін арттырып, елді мекендердің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Осыған байланысты жауапты мамандарға салық берешегін азайту, салық салу базасын кеңейту, жаңа нысандар мен кәсіпкерлік субъектілерін анықтау бойынша жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Халықты жоспарлы иммундаумен қамту
Келесі мәселе бойынша Мәртөк аудандық ауруханасының бас дәрігері Жамбыл Жайлыбаев халықты жоспарлы иммундаумен қамту барысы жөнінде ақпарат берді.
Аудан әкімі тұрғындардың денсаулығын сақтау және профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталып, жоспарлы иммундау жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыруды, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Егін жинау науқаны және мал азығын дайындау
Жиында ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі маусымдық жұмыстардың барысы да қаралды.
Мәртөк аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Орақбай Нұрбердиев егін жинау науқаны мен мал азығын дайындау жұмыстарының қазіргі жағдайы туралы баяндады.
Аудан әкімі егін жинау науқанын белгіленген мерзімде және сапалы аяқтау, ауыл шаруашылығы техникаларының тиімді жұмысын қамтамасыз ету, жиналған өнімді сақтау мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды.
Сонымен қатар мал қыстату кезеңіне қажетті азық қорын толық қалыптастыру, мал азығын дайындау жұмыстарын аяқтау және шаруашылықтарға тиісті қолдау көрсету қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысында Медет Ысқақов әр бағыт бойынша жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.









