
Шымкентте тағы 40 отбасы жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары аясында жеке пәтер иесі атанды. Баспана кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа үйлер Асар-2 шағынауданында орналасқан. Баспаналар белгіленген құрылыс нормалары мен сапа талаптарына сай салынып, пайдалануға берілді.
Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламаларына қатысып, төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға берілді. Олардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ, бюджет ұйымдарының қызметкерлері бар.
Жеңілдетілген несие азаматтарға баспана мәселесін қолжетімді шарттармен шешуге мүмкіндік береді. Мұндай бағдарламаларды жүзеге асыру – мегаполистегі тұрғын үй саясатының негізгі бағыттарының бірі. Бұл өз кезегінде халықтың баспаналы болу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.









