
Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевпен сұхбатта Институт қызметінің негізгі даму бағыттары—медициналық және өнеркәсіптік радиоизотоптар өндіру,радиациялық технологияларды енгізу,ядролық медицинаны дамыту және Қазақстанның болашақ атом энергетикасы үшін қажетті құзыреттерді қалыптастыру мәселелері сөз болады. Сұхбатта отандық радиофармпрепараттар түрлерін кеңейту, диагностикалық қызметтер мен радионуклидтік терапияға өңірлердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ Қазақстанда Орталық Азия елдерін радиофармпрепараттармен қамтамасыз ететін өңірлік орталық құру перспективаларына ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар жоғары технологиялық өнім экспортын дамыту, радиациялық технологияларды өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және экология саласында қолдану, кадрлар даярлау, реакторлық материалдарды сынақтан өткізу, сондай-ақ болашақ АЭС-ті салу және пайдалану барысында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндіктері қамтылады.
- Қазіргі таңда радиоизотоптар өндірісі Ядролық физика институтының даму стратегиясында қаншалықты маңызды? Бүгінде Институт отандық денсаулық сақтау саласының радиоизотоптарға деген қажеттілігінің қанша пайызын қамтамасыз ете алады және ядролық медицина қолжетімділігін арттыру қай аймақтар үшін өзекті?
Радиоизотоптар мен радиофармацевтикалық препараттарды өндіру бүгінгі таңда Ядролық физика институтының дамуының негізгі қолданбалы бағыттарының бірі болып табылады. Біз үшін бұл жай ғана жекелеген өндіріс емес, іс жүзінде іргелі және қолданбалы зерттеулерден, зерттеу реакторы мен циклотронды пайдаланудан, радиохимиялық технологияларды әзірлеуден бастап, клиникалық қолдануға арналған дайын препараттарды шығаруға дейінгі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) толық тізбегі. Осы тұрғыдан алғанда, ядролық медицина Институттың ғылыми құзыреттерінің нақты әлеуметтік және экономикалық нәтижеге қалай айналатынын көрсететін жақсы мысал болып табылады. Жалпы, радиофармацевтикалық препараттар мен радиоизотоптарды өндіру материалдарды зерттеу және сынақтар жүргізумен қатар ИЯФ қызметінің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі ретінде қарастырылады.
Қазіргі уақытта Институтта үш негізгі радиофармацевтикалық препаратты өндіру жолға қойылған: қалқанша безі ауруларын емдеуге арналған йод-131 негізіндегі натрий йодиді, радионуклидтік диагностикаға арналған молибден-99/технеций-99m негізіндегі препараттар және онкологиялық ауруларды ПЭТ-диагностикалау үшін фтор-18 негізіндегі фтордезоксиглюкоза. Сонымен қатар, йод-131 және молибден-99 – реакторлық радиоизотоптар бойынша Институт еліміздегі жалғыз отандық өндіруші болып табылады.Дегенмен, бүгінде отандық денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп отырмыз деп айту дұрыс болмас еді. Жекелеген препараттар бойынша біз қолданыстағы сұраныстың едәуір бөлігін қамтамасыз етуге қабілеттіміз, бірақ жалпы алғанда, Қазақстандағы ядролық медицинаның әлеуеті оны іс жүзінде пайдалану деңгейінен айтарлықтай жоғары. Мәселе тек өндіріс көлемінде емес, сонымен қатар отандық радиофармпрепараттар түрлерінің шектеулі болуында және ядролық медицинаның өңірлік инфрақұрылымының жеткілікті деңгейде дамымауында жатыр. Мысалы, ядролық терапия мен тераностика бағыттары әлсіз дамыған. Қазіргі уақытта Институт – елімізде йод-131 негізіндегі терапиялық радиофармпрепарат өндіретін жалғыз ұйым. Қазақстанға жаңа радиофармпрепараттарды әзірлеп, тәжірибеге енгізу қажет. Ядролық физика институты Қазақстан Республикасының 2026–2031 жылдарға арналған ядролық медицинаны дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес жаңа радиофармпрепараттарды әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өңірлерге қатысты бүгінгі таңда ең өзекті міндет –ядролық медицина кызметіне қол жеткізудегі аймақтық теңсіздікті азайту. Мысалы, қазіргі уақытта ядролық терапия тек Абай облысында (Семей қаласы) және еліміздің солтүстік бөлігінде (Астана қаласы) қолжетімді. Бұл, әрине, жеткіліксіз,осыған байланысты терапия және тераностика орталықтарын барлық өңірде ашу қажеттілігі туындап отыр.
Атап айтсақ, Қызылорда облысынан Жетісу облысына дейінгі аумақта, соның ішінде республикалық маңызы бар Алматы мен Шымкент қалаларын қоса алғанда, 10 миллионға жуық халық тұрады, бұл – Қазақстан халқының тең жартысы. Ал осы аталған кең-байтақ өңірлерде бірде-бір терапия және тераностика орталығы жоқ.
- Ядролық физика институты іргелі зерттеулердің нәтижелерін медицинада, өнеркәсіпте және энергетикада сұранысқа ие нақты өнімдер мен технологияларға қалай айналдырады?
Ядролық физика институты үшін іргелі зерттеулердің тек ғылыми жарияланымдармен шектеліп қалмауы қағидатты түрде маңыздымәселе. Біздің басты міндетіміз – жинақталған ғылыми білім мен әзірлемелерді денсаулық сақтау, өнеркәсіп және атом саласы үшін сұранысқа ие нақты технологиялар мен жоғары технологиялық өнімдер деңгейіне дейін жеткізу.
Жақсы мысал ретінде ядролық медицинаны атап өтуге болады. Ядролық физика, ядролық реакциялар, радиохимия және радиациялық физика салаларындағы зерттеулер медициналық радиоизотоптар мен радиофарпрепараттарды алу технологияларын әзірлеуге негіз болды. Бұл туралы алдыңғы сұрақта да айтылып өтті.
Тағы бір маңызды бағыт–өнеркәсіптік радиоизотоптар мен радиациялық технологиялар. Институт өзінің ғылыми, үдеткіштік және радиохимиялық құзыреттері негізінде және Ғылым қорының қолдауымен Cyclone-30 циклотрон қондырғысында кобальт-57 радиоизотопын өндіру технологиясын әзірлеп, оның өнеркәсіптік өндіріс учаскесін құрды. Сонымен қатар,ССР-Қзерттеу реакторында Қазақстан нарығыүшіниондаушы сәулелену көздері өндіріледі. Олар иридий-192, сурьма-124 және кобальт-60 радиоизотоптары негізінде жасалады.
Келесі стратегиялық бағыт атом энергетикасы саласына қатысты. ССР-Қзерттеу реакторы радиоизотоптар өндіруге арналған нейтрондар көздері ретінде ғана емес, сонымен қатаркелешегі барреакторлық материалдар мен ядролық отынды зерттеу және олардың ресурстық сынақтарын жүргізуге арналған эксперименттік база ретінде де пайдаланылады Мұндай зерттеулер Қазақстанның атом энергетикасын дамыту барысында тікелей сұранысқа ие болатын құзыреттерді қалыптастырады. Атап айтқанда, нейтрондық сәулелену жағдайындағы материалдардыңөзгеріс әрекетінзерделеу, олардың сенімділігі мен пайдалану ресурсын негіздеу, бақылау әдістерін дамыту және ядролық қондырғылардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету бағыттарында маңызды жұмыстар жүргізіледі. Бұл жұмыстар негізінен Жапонияның Атом энергиясы агенттігі, Жапонияның Марубэни компаниясы, Германияның Карлсруэ технологиялық институты және Жапонияның Quantum Science and Technology сияқты халықаралық деңгейдегі ұйымдармен бірлескен коллаборациялар аясында жүзеге асырылады. Аталған ұйымдар осы зерттеулердің тапсырыс берушілері ретінде де әрекет етеді.
- Біз білетіндей, Ядролық физика институты бүгінде онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттарға деген еліміздің қажеттілігінің басым бөлігін қамтамасыз етіп отыр (йод-131, молибден-99/технеций-99m). Осы өнімдер қатарын кеңейту және актиний-225 немесе самарий-153 сияқты перспективалы изотоптарды өндіруді іске қосу үшін қандай қадамдар жасалуда?
Бүгінде ЯФИ негізгі міндеті – игерілген препараттармен шектелмей, заманауи диагностика мен нысанағлы терапияға арналған РФП-дың кеңейтілген түрлерін өндіруге көшу. Перспективаті бағыттардың қатарында лютеций-177, самарий-153, германий-68 және басқа да медициналық радиоизотоптарды өндіру қарастырылуда.
Ең жақсы әзірленген бағыттардың бірі – сүйек метастаздары кезіндепайда болатын ауырсынудыемдеуде сұранысқа ие самарий-153 радиоизотопы. Лютеций-177 де перспективті бағыт болып табылады. Оны қолдану Қазақстанда заманауи нысанағлы радионуклидтік терапия әдістерін дамытуға мүмкіндік береді.
Жекелеген стратегиялық бағыт – актиний-225, ол онкологиялық ауруларды емдеуге арналған ең перспективті альфа-сәуле шығарушы радиоизотоптардың бірі болып табылады. Оны алу технологиялық тұрғыдан күрделі міндет және нысаналық материалдар базасын, радиохимиялық технологияларды және шикізат базасын дамытуды талап етеді. Сондықтан қазіргі кезеңде бұл бағыт бойынша, ең алдымен, технологиялық мүмкіндіктерді пысықтау жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа препараттарды өндіріске енгізу үшін өндірістік инфрақұрылымды қатар дамыту қажет. ССР-Қ реакторының қолданыстағы мүмкіндіктері радиоизотоптар өндірумен және ғылыми зерттеулер жүргізу жұмыстарымен айтарлықтай қамтылған, бұл жаңа өндірістердің көлемін ұлғайту мүмкіндігін шектейді. Осыған байланысты ЯФИ реакторлық және циклотрондық қуаттарды, радиохимиялық технологияларды дамыту және медициналық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Институт базасында жаңа зерттеу реакторын құру мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар, мүмкіндіктерімізді кеңейту бағытында маңызды практикалық қадам жасалды: Институт Курчатов қаласында 13 жылдан астам уақыт сақтауда болған қуаты 18 МэВ циклотронды алып келді. Қазіргі уақытта негізгі міндет – қажетті инфрақұрылымды құру және қондырғыны пайдалануға беру. Жаңа циклотронды, ең алдымен, фтор-18 және оның негізіндегі РФП өндірісін ұлғайту үшін пайдалану жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қолданыстағы Cyclone-30 циклотрон қондырғысының жүктемесі жеңілдеп, басқа перспективті радиоизотоптарды, атап айтқанда германий-68 және актиний-225 радиоизотоптарын өндіруге бағыттауға мүмкіндік береді.
- Қазақстан үшін өнеркәсіптік радиоизотоптар экспорты қаншалықты маңызды жоғары технологиялық бағытқа айнала алады? ИЯФ өнімдерінің Еуропа елдеріне, АҚШ-қа және Орталық Азия мемлекеттеріне жеткізілетіні туралы ақпарат айтылды.
Радиоизотоптар экспорты Қазақстан үшін қосылған құны жоғары, маңызды жоғары технологиялық бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Шикізат экспортынан айырмашылығы, бұл жағдайда біз отандық ядролық, үдеткіштік және радиохимиялық технологиялар негізінде өндірілген дайын өнімді сатамыз. Мысалы, Институтта өндірілетін кобальт-57 радиоизотопы Германияға, АҚШ-на, Францияға және Ресейге жеткізіледі. Сонымен қатар медициналық радиоизотоптар мен препараттарды да назардан тыс қалдырмау қажет. АЭХА жасалған келісімшарт аясында Институт Қырғызстанға технеций-99 генераторын жеткізді. Осылайша, ЯФИ радиофармпрепараттар сияқты жоғары технологиялық өнімдерді шетелге жеткізу тәжірибесі бар. Бұл жобаны іске асыру АЭХА қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Болашақта Орталық Азия елдеріне диагностикалық радиофармпрепараттарды тұрақты негізде жеткізу мүмкіндігі қарастырылуда. Институт медициналық мақсаттағы молибден-99 радиоизотопын жарықшақтық әдісімен өндіруді игеруді жоспарлап отыр, бұл радиоизотоптық өнімдердің әлемдік нарығына шығуға жол ашады.
Бұдан да маңызды келесі кезеңдер – а) жоғары активті қалдықтарды бөліп алу; б) пайдаланылған ядролық отын құрамынан уранды бөліп алу. Осы технологияларды іске асыру Қазақстанға Франция және Ресей Федерациясымен қатар, пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу саласындағы технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым айында Жапонияның Атом энергиясы агенттігінің Президентімен кездесу барысында жапондық әріптестер осы бағытта бірлескен зерттеулер жүргізуді ұсынды.
- Алдағы бірнеше жылда ЯФИ-дың радиациялық технологиялары өнеркәсіптің қандай жаңа салаларына енгізілуі мүмкін?
ЯФИ-ның радиациялық технологиялар саласындағы әлеуеті айтарлықтай кең. Қазіргі уақытта біз бұл технологияларды медициналық бұйымдарды радиациялық стерилдеу, сондай-ақ заманауи косметикалық және медициналық гидрогелді аппликациялар мен таңғыштарды шығару үшін қолданып келеміз. Алдағы жылдары бұл технологияларды ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіне, экологияға, тау-кен металлургиясы кешеніне және материалтану саласына кеңінен енгізуге мүмкіндік бар деп санаймыз. Бұл бағыттар ядролық кластерді дамыту және Атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы аясында ядролық және радиациялық технологияларды практикалық қолданудың келешекті салалары ретінде қарастырылуда.
Ең перспективті бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін радиациялық өңдеу. Сәулелендіру микроорганизмдер мен зиянкестердің белсенділігін төмендетуге, өнімдердің сақтау мерзімін ұзартуға және тасымалдау кезіндегі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.Қазақстан үшін астық және экспортқа шығарылатын басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін радиациялық технологиялар арқылы өңдеу перспективті әрі маңызды бағыттардың бірі болып саналады.
Экологиялық бағытта да радиациялық технологияларды қолданудың мүмкіндігі мол.Атап айтқанда, суды және өнеркәсіптік ағын суларды тазарту үшін электрондар үдеткіштерін қолдану, сондай-ақ радиациялық модификациялау арқылы берілген қасиеттерге ие жаңа материалдар жасау перспективтібағыттар ретінде қарастырылады.
Сондықтан алдағы жылдардағы негізгі міндетіміз – жекелеген ғылыми әзірлемелерден радиациялық технологияларды өнеркәсіптік деңгейде енгізуге көшу. Бұл ЯФИқызмет аясын атом саласы мен медицинадан тыс кеңейтіп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және экология салалары үшін де жоғары технологиялық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
- Қазақстан болашақта Орталық Азия елдеріне радиофармпрепараттар өндіру және жеткізу жөніндегі өңірлік орталыққа айнала ала ма?
Жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі таңда бұл бағытты пысықтау жұмыстары жүріп жатыр.Бастапқы кезеңде диагностикалық радиофармпрепараттарды жеткізу үшін Қырғыз Республикасының нарығын игеру жоспарлануда. Елдеріміздің географиялық жақындығы, Қырғызстанда ядролық медицина саласының серпінді дамуы және онда кейбір радиофармпрепараттардың шығарылмауы осы серіктестікті ілгерілетуге өте қолайлы алғышарттар қалыптастырады.
Болашақта жеткізілімдерді Орталық Азияның басқа да елдеріне жеткізу мүмкіндігі қарастырылуда. Қазақстанда мұндай өңірлік орталық құруға қажетті ғылыми-технологиялық база бар. Оның құрамына ССР-Қ зерттеу реакторы, циклотрондық кешендер, радиоизотоптар өндіру технологиялары, сондай-ақ GMP талаптарына сәйкес келетін өндірістік учаскелер кіреді.
Осылайша, болашақта Қазақстан радиофармпрепараттардың өңірлік өндірушісі ретінде өз орнын қалыптастырып, тек ішкі қажеттіліктерді ғана емес, Орталық Азия елдерінің де қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады. Бұл бір мезгілде өңірдегі ядролық медицинаны дамытуға, Қазақстанның жаңа жоғары технологиялық экспорттық бағытын қалыптастыруға, сондай-ақ еліміздегі медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
- Болашақ АЭС-ті салу және пайдалану кезінде ЯФИ-дың қандай құзыреттері қажет болады — мамандар даярлаудан бастап, материалдарды сынау және радиациялық қауіпсіздік мәселелеріне дейін?
Ядролық физика институты болашақ АЭС салу кезеңінде де, оның бүкіл өмірлік циклі барысында да сұранысқа ие болатын кең ауқымды кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетке ие.
Ең басты бағыттардың бірі – білікті кадрлар даярлау. ЯФИ-да АЭХА мен АҚШ Энергетика министрлігінің қолдауымен құрылған ядролық және физикалық қауіпсіздік, радиациялық қауіпсіздік және бүлдірмейтін бақылау әдістері бойынша үш мамандандырылған оқу орталығы жұмыс істейді. Осы орталықтар өз қызметін бастағаннан бері 5000-нан астам маман оқытылып, даярланды. Сонымен қатар, ССР-Қ зерттеу реакторының базасында жас мамандар ядролық қондырғыларды пайдалану бойынша практикалық дағдыларды меңгереді. Институт еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ядролық инженерлерді даярлау бағдарламаларын да дамытып келеді. Бұл бағдарламалар студенттердің ССР-Қ реакторы мен сындық стендте тікелей практикалық даярлықтан өтуін қарастырады. АЭХА жоғары білікті мамандарды даярлау үшін дәл осындай зерттеу ядролық қондырғыларын пайдалануды ұсынады.
Екінші маңызды бағыт – атом энергетикасына арналған материалдарды зерттеу және сынау. ССР-Қ реакторы реактор ішінде эксперименттер жүргізуге, конструкциялық және функционалдық материалдардың нейтрондық сәулелену жағдайындағы өзгеріс әрекетін зерттеуге мүмкіндік береді. Институттың перспективті IV буын реакторларына арналған материалдарды зерттеу және жүргізілген сынақтардың нәтижелері бойынша ұсынымдар әзірлеу тәжірибесі бар. Болашақта бұл эксперименттік база АЭС пайдалануды ғылыми-техникалық сүйемелдеу, материалдардың радиациялық төзімділігін бағалау және олардың пайдалану ресурсын негіздеу үшін пайдаланылуы мүмкін.
Тағы бір маңызды әрі перспективті бағыт– АЭС жабдықтарын бүлдірмей бақылау және диагностикалау. ЯФИ мамандары зерттеу реакторының корпусы, құбыр желілері және басқа да жабдықтарын көп жылдар бойы тексеру бойыншамол тәжірибе жинақтаған.Мұндай құзыреттер АЭС жабдықтарының сапасын бақылау, оларды мерзімді тексеру, техникалық жай-күйі мен қалған пайдалану ресурсын бағалау кезінде сұранысқа ие болады.
Сондай-ақ бұл – радиациялық және ядролық қауіпсіздік, ядролық материалдарды есепке алу және бақылау бағыттары. ЯФИ ядролық реакторды 20 жылдан астам уақыт бойы пайдаланып келеді және АЭХА инспекторларымен, соның ішінде ядролық материалдарды бақылау және есепке алу мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істеуде айтарлықтай практикалықтәжірибе жинақтаған. Бұдан бөлек,Институттың әртүрлі нысандарға радиациялық мониторинг жүргізу бойынша 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Бұл жұмыстарға Семей ядролық сынақ полигонын, ЛИРА объектілерін зерттеу, трансшекаралық өзендердің радионуклидтік құрамын зерделеу және басқа дағылыми-зерттеу жұмыстары кіреді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 11–14 тамызы аралығында Ядролық физика институтының базасында АЭХА Техникалық ынтымақтастық жөніндегі ұлттық жобасының жұмыс жоспары аясында ССР-Қ реакторының реакторының ескіру үдерісін бақылау мәселелері бойынша АЭХА Сараптамалық миссиясы өткізілді. Ал 17–21 тамыз аралығында Институт базасында зерттеу реакторларының пайдалану рәсімдерін әзірлеу және жаңарту мәселелері бойынша АЭХА-нің Өңірлік семинарын өткізу жоспарлануда.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Институт базасында АЭХА-мен бірлесіп тағы екі іс-шара өткізу жоспарлануда: 21 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін АЭХА-нің INPRO бағдарламасы бойынша тұрақты ядролық энергетиканы стратегиялық жоспарлау жөніндегі Өңірлік мектебі және 21–24 қыркүйекке жоспарланған АЭХА-нің ұлттық ядролық білім беру жүйесін бағалау және дамыту жөніндегі (INEAS) миссиясы.
Осыған байланысты Ядролық физика институтын тек ғылыми-зерттеу ұйымы шеңберінде емес, атом энергетикасын ғылыми-техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін, АЭХА тарапынан халықаралық деңгейде бекітілген ұлттық инфрақұрылымның маңызды құрамдас бөлігі ретінде бағалау қажет.









