
ЖАСТАР ЖАЛЫНЫ – ЖЕТІСАЙДЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ
Жастық шақ – адам өміріндегі ең жалынды, ең ізденіске толы кезең. Бұл – арманға қанат бітіріп, білім алып, өз жолыңды айқындайтын, елге қызмет етудің негізін қалайтын уақыт. Осындай ерекше кезеңді бағалай білетін жетісайлық жастар «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» мерекесін жоғары деңгейде атап өтті.
Жетісай қаласының орталық саябақта өткен «Jastar Fest – 2026» мәдени-көпшілік іс-шарасына аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші, ақын-композитор Асан Пердешов, аудан тұрғындары мен жастар, жергілікті өнерпаздар қатысты.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңгі тірегі. Бүгінгі білімді, еңбекқор және бастамашыл жас – мемлекеттің ертеңгі дамуына тікелей ықпал ететін азамат. Сондықтан, жастардың сапалы білім алуына, кәсіп меңгеруіне, өз қабілетін танытуына жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.
Қазір мемлекет тарапынан жастарға білім алуға, кәсіп бастауға, жұмысқа орналасуға және өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін көптеген қолдау тетіктері қарастырылған. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ізденуден, еңбектенуден жалықпау керек. Себебі, елдің болашағы – жастардың біліміне, білігіне, күш-жігері мен отансүйгіштігіне байланысты» деген Серік Үсенұлы жастарды мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орнына ерекше тоқталды.
Жетісай – жастары белсенді, өнер мен спортқа, білім мен шығармашылыққа қызығушылығы жоғары аудан. Бүгінде аудан жастары түрлі салада өз қабілеттерін көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Олардың арасында білім бәйгелерінде топ жарып жүргендер де, спортта жеңіс тұғырынан көрінгендер де, кәсіп бастап, еңбекпен өз орнын қалыптастырып жүргендер де бар.
Кеш барысында жергілікті өнерпаздар ән шырқап, жастар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар арасында түрлі қызықты ойындар мен викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, жастар би билеп, мерекелік кештің сәнін кіргізді. Ал Асан Пердешовтың өнер көрсетуі кештің көркін одан әрі қыздыра түсті.
Аталмыш іс-шара жай ғана мерекелік дата емес, жас ұрпақтың қоғамдағы белсенділігін арттырып, олардың арман-мақсатына қолдау көрсетілген, жастардың қуаты мен жігерін ел игілігіне бағыттаған күн болды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі









