ӨНДІРІСТІ ҚОЛДАУ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ САЛАСЫНА ЖАҢА СЕРПІН БЕРЕ АЛАДЫ

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    ӨНДІРІСТІ ҚОЛДАУ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ САЛАСЫНА ЖАҢА СЕРПІН БЕРЕ АЛАДЫ

    Үкімет жариялаған отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларына шолу мемлекет бүгінде жаңа кәсіпорындарды іске қосуға ғана емес, олардың одан әрі дамуына жағдай жасауға да басымдық беріп отырғанын көрсетеді.

    Бұл қалдықтарды қайта өңдеу саласы үшін аса өзекті. Себебі бүгінде бұл бағытта жұмыс істеп тұрған жобалар бар. Ендігі міндет — қайта өңдеу көлемін ұлғайту, құрал-жабдықтарды жаңарту және өндірісті кеңейту арқылы саланы жаңа деңгейге көтеру.

    «Біздің кәсіпорын үшін мұндай қолдау шаралары — ең алдымен, әрі қарай дамуға мүмкіндік. Жобамызды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдауға ие болдық және тәжірибе жүзінде қаржыландыруға қолжетімділіктің, құрал-жабдықтарды жаңарту мүмкіндігінің және ұзақ мерзімді инвестициялар үшін түсінікті жағдайлардың қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз. Келесі кезеңде қайта өңдеу көлемін арттырып, қалдықтарды екінші айналымға барынша кеңінен тартуды көздеп отырмыз», — дейді «ЭКО-DUMP» ЖШС директоры, Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм және экология кеңесінің мүшесі Мариям Әбішева.

    Оның айтуынша, қалдықтарды қайта өңдеу саласында инвестициялар технологиялық мүмкіндіктермен тікелей байланысты. Заманауи құрал-жабдықтар қайта өңделетін материалдардың түрлерін кеңейтуге, екінші шикізаттың сапасын арттыруға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан қаржылық қолдау тетіктерін кеңейту жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қол жеткізген нәтижелерімен шектелмей, өндірісті одан әрі дамытуға мүмкіндік бере алады.

    Сонымен қатар спикер сала үшін өнімді өткізу мәселесінің де маңызы зор екенін атап өтті.

    «Сұрыптау көлемін арттыруға болады. Бірақ алынған екінші шикізаттың тұрақты сатып алушысы болмаса, экономикалық модель осал болып қала береді. Сондықтан қайта өңдеуді дамытумен қатар, қалдықтан алынған өнімге ішкі сұранысты қалыптастыру маңызды. Осы тұрғыда мемлекеттік және корпоративтік сатып алулар қосымша ынталандыру тетігі бола алады. Егер оларда отандық өндірісте шығарылатын өнімдер мен материалдар кеңінен қолданылса, қайта өңдеушілер үшін нарық анағұрлым болжамды болып, өндірістік қуаттарды кеңейтуге сенімді инвестиция салуға мүмкіндік артады», — деп атап өтті Мариям Әбішева.

    Тағы бір перспективалы бағыт — кәсіпорындар арасындағы кооперацияны дамыту. Қайта өңдеу нәтижесінде алынған екінші шикізат Қазақстандағы басқа өндірістер үшін ресурсқа айналуы мүмкін. Осылайша қалдықтарды жинау мен сұрыптаудан бастап, жаңа өнім шығаруға дейінгі тұтас өндірістік тізбек қалыптастыруға мүмкіндік бар.

    Бизнесвумен бұл мәселелерді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм және экология салалық кеңесінің жұмысы аясында да көтеріп келеді. Оның пікірінше, экологиялық мәселелерді бизнес үшін қолайлы экономикалық жағдайлардан бөлек қарастыруға болмайды. Қалдық неғұрлым көп көлемде екінші шикізат ретінде шаруашылық айналымына қайтарылса, ресурстардың ысырабы соғұрлым азайып, отандық өндірісті дамыту мүмкіндігі арта түседі.

    «Біз үшін мемлекеттік қолдау — түпкілікті нәтиже емес, келесі кезеңге өтуге мүмкіндік. Біз қайта өңдеу көлемін арттырып, өндірістік базаны дамытып, қалдықтардың барынша көп бөлігін экономикалық айналымға қайтаруды көздейміз. Егер мұндай кәсіпорындар тұрақты түрде дами алса, бұл тек бизнес үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды нәтиже болмақ», — деп түйіндеді Мариям Әбішева.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары