
Жетісу облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері бір күн ішінде 370-ке жуық құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесті.
Адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін бұзушылықтар ерекше алаңдатады. Жол қозғалысына қатысушылардың 120-сы жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзған, қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдаланбаған. 65 жүргізуші көлік басқару кезінде телефон қолданып, жолдан назарын бөлген.
Сонымен қатар, 35 жүргізуші техникалық ақауы бар көліктерді пайдаланған, 28-і міндетті техникалық байқаудан өтпеген. Басқару құқығы жоқ 13 адам және көлік құралын мас күйінде басқарған 4 жүргізуші анықталды.
Сондай-ақ тіркелмеген мопедтер мен электр велосипедтерін пайдалану фактілері анықталды. 13 көлік арнайы тұраққа қойылып, 17 мемлекеттік тіркеу нөмірі алынды.
Полиция қызметкерлері атап өткендей, мұндай құқық бұзушылықтар — жай ғана формальдылық емес. Рөлдегі бір ғана ойланбай жасалған әрекет жол-көлік оқиғасына, жарақатқа немесе адам өліміне әкелуі мүмкін. Профилактикалық жұмыстың басты мақсаты — қайғылы жағдайлардың алдын алып, Жетісу облысының жолдарын барынша қауіпсіз ету.









