
Ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне орай аудан орталығында «Өлең – сөздің патшасы, сөздің сарасы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Абайдың тағылымды мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың ақын шығармашылығына деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен рухани шараға аудан тұрғындары мен жалпы әдебиетсүйер қауым қатысты.
Кеш барысында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолы туралы кеңінен әңгімеленіп, Абайдың қазақ әдебиеті мен ұлттық руханияттағы орнына тоқталды. Қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздерінен үзінділер келтіріп, әндерін орындады.
Әсіресе, «Ғылым таппай мақтанба», «Қыс», «Жаз», «Жазғытұры», «Интернатта оқып жүр» сынды өлеңдерінің тәрбиелік мәні кеңінен насихатталды. Сонымен қатар Абайдың әндері орындалып, ақынның қара сөздеріндегі адамгершілік, білім, еңбек, талап пен ғылым туралы ойлары ортаға салынды.
Әдеби кеште Абай мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы ерекше екені айтылды. Ақынның «Толық адам» ілімі, білім мен ғылымға ұмтылу, еңбекқорлық пен ел бірлігі туралы өсиеттері қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Шара соңында қатысушылар Абай шығармашылығына арналған кітап көрмесімен танысып, ұлы ақынның рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Абай әлемі – ұлттың рухани қазынасы. Оның әрбір өлеңі мен қара сөзі адамды ізгілікке, білімге, еңбекке және елге қызмет етуге үндейді. Сондықтан хакім Абайдың мол мұрасын дәріптеу – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды бағыттардың бірі.









