Қазақстандықтардың миллиондағаны денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сервистерді пайдаланып келеді

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Қазақстандықтардың миллиондағаны денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сервистерді пайдаланып келеді

    Қазақстандықтардың миллиондағаны денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сервистерді пайдаланып келеді. Электрондық анықтамалар, дәрігерге онлайн жазылу және заманауи цифрлық шешімдер медициналық көмек алуды азаматтар үшін барынша ыңғайлы, жылдам әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

    2025 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 215 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Оның 190,8 миллионы немесе 88,6%-ы электрондық форматта ұсынылды.

    Цифрландырудың маңызды нәтижелерінің бірі – медициналық құжаттарды электрондық форматқа көшіру. Бүгінде медициналық анықтамалардың 12 түрі цифрландырылды, оның бесеуі тек онлайн режимде рәсімделеді. 2025 жылы азаматтарға 8,5 миллионнан астам электрондық медициналық анықтама берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артты.

    Еліміздің тұрғындары дәрігерге цифрлық сервистер арқылы жазылу мүмкіндігін де жиі пайдаланып келеді. 2025 жылы онлайн жазылу қызметін 5,6 миллион азамат қолданған. Бұл емхана тіркеу бөліміне қосымша жүгінбей-ақ, дәрігерге баруды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

    Цифрлық шешімдер маңызды диагностикалық зерттеулерді күту мерзімін қысқартуға да ықпал етуде. Мысалы, ПЭТ/КТ зерттеуін күту уақыты үш айдан екі аптаға дейін қысқартылды.

    Цифрлық денсаулық сақтауды дамытудың келесі кезеңі – денсаулыққа төнетін қауіп-қатерлерді ерте анықтау мүмкіндіктерін кеңейту. 2026 жылдан бастап халықтың негізгі топтарын, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 7 миллионнан астам баланы, бала туу жасындағы шамамен 5 миллион әйелді және 400 мың жүкті әйелді цифрлық сүйемелдеу жоспарлануда.

    Бұл ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға, профилактикалық жұмысты күшейтуге және медициналық бақылаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

    Алдағы уақытта жаңа цифрлық сервистерді іске қосу жоспарлануда. Олардың қатарында онлайн брондау қағидаты бойынша дәрігерлердің қабылдауына жазылудың бірыңғай кестесі, e-Health порталы, сондай-ақ азаматтарға, медицина қызметкерлері мен медициналық ұйымдарға арналған мобильді қосымша бар. Сонымен қатар кері байланыс және медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін растау құралдары да дамытылады.

    Бұдан бөлек, медициналық анықтамаларды толық цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жалғасуда.

    Денсаулық сақтауды цифрландырудың басты мақсаты – медициналық көмекті барынша қолжетімді әрі ыңғайлы ету және оны әр азаматтың қажеттілігіне бағыттау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары