
Жаз мезгілінде Павлодар қаласының жағалауында түрлі іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары демалып, серуендеп, музыкалық бағдарламаларды тамашалау үшін жиналады. Биыл Променадада шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер де өтуде. Бұл өз кезегінде көрермендердің көптеп жиналуына себеп болуда.
Концерттер өтетін күндері жағалауда адам саны ерекше көбейеді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Павлодар қаласының полицейлері Променада аумағында қызмет атқарып, адамдар көп жиналатын орындарды патрульдейді және қоғамдық тәртіпті қадағалайды.
Полицейлер жағдайды жіті бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда азаматтарға көмек көрсетеді және құқық бұзушылықтардың алдын алады. Балалардың қауіпсіздігіне және жанжал жағдайларына жол бермеуге ерекше назар аударылады.
Полиция қызметкерлерінің жұмысының арқасында Павлодар тұрғындары мен қонақтары концерттерге алаңсыз қатысып, жағалауда серуендеп, отбасымен және достарымен уақыттарын қауіпсіз өткізе алады.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарға қоғамдық тәртіпті сақтауды, бір-біріне құрметпен қарауды және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды еске салады.
Полицейлердің басты міндеті – бұқаралық іс-шаралардың тыныш әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету және қала тұрғындары мен қонақтарының Павлодар жағалауындағы демалыстан тек жағымды әсер алуына жағдай жасау.








