
Ақтау қаласы аумағында автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған жұмыстар ауа райының қолайлы кезеңдерінде күндізгі және түнгі ауысымда ұйымдастырылып, белгіленген кестеге сәйкес қарқынды атқарылуда.
2026 жылға жалпы көлемі 15 мың шаршы метр автомобиль жолына шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған көлемнің 12 мың шаршы метрі толық орындалды.
Қазіргі таңда 12 және 16-шағынаудандарды, 13–17-шағынаудандар арасы, сондай-ақ 19-шағынауданының ішкі автомобиль жолдарында шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қала аумағындағы өзге де жол учаскелерінде жолдардың техникалық жағдайына қарай жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатын болады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі









