
Облыс әкімі Берік Уәли өңірде жүзеге асыруды жоспарлап отырған «ABAY KUNANBAYULY VISITOR CENTER» жобасы туралы айтты.
Жоба аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы аумағында заманауи визит-орталық құру көзделіп отыр.
Инвестициялық жобаның құны 500 млн теңгені құрайды. Оны іске асыру барысында 40 жаңа жұмыс орнын ашу және тәулігіне 1000 адамға дейін қабылдай алатын туристік инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар мәдени-туристік нысанды тиімді басқару үшін «Pana Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 20 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру және жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Жоба Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына тиесілі жалпы ауданы 532,8 шаршы метр қолданыстағы ғимаратты реконструкциялау арқылы жүзеге асырылады. Жоспарға сәйкес шамамен 200 шаршы метр аумақта визит-орталығы бар кофехана орналасса, қалған бөлігі қонақүй нөмірлеріне бейімделмек. Қонақүйдің нөмірлік қоры шамамен бес бөлмені құрайды.
Аймақ басшысы жобаны іске асыруға инвесторлардың қатысуы тарихи орынның туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.








