
3 тамызда сағат 23:30 шамасында Атырау қаласындағы М. Өтемісов көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінің ауласында электр желісіне тиіп тұрған ағаш бұтақтары тұтанып, өрт шыққан.
Сол сәтте көшеден өтіп бара жатқан Атырау қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы Максим Доскалиев қауіпті жағдайды байқайды. Ол сол күні сағат 21:00-де қызметін аяқтап, жеке шаруасымен келе жатқан болатын.
Жағдайдың күрделілігін бірден бағамдаған полиция қызметкері уақыт жоғалтпай тұрғын үйге кіріп, адамдарды сыртқа шығарды. Тұрғындар қауіпсіз жерге эвакуацияланып, ықтимал қауіптің алдын алуға мүмкіндік туды.
Полиция қызметкері Максим Доскалиевтің қырағылығы мен дер кезінде қабылдаған шешімінің арқасында тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, өрттің ауыр салдарға әкелу қаупі сейілді.
Полиция қызметкерінің міндеті – тек қызметтік уақытпен шектелмейді. Қоғамдық қауіпсіздікке қатер төнген кез келген жағдайда тәртіп сақшысы азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға дайын болуы тиіс.






