Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтары – мемлекет қорғауында

    ·
    Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтары – мемлекет қорғауында

    Қазақстан Республикасында кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтары заңмен қорғалады. Еңбек заңнамасында олардың денсаулығын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мақсатында арнайы кепілдіктер көзделген.

    Кәмелетке толмаған қызметкерлер қауіпсіз еңбек жағдайына, еңбекақыны уақытылы әрі толық көлемде алуға, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына және заңсыз жұмыстан босатудан қорғалуға құқылы. Сонымен қатар жұмыс беруші олардың жұмыс уақытының ұзақтығына қатысты белгіленген талаптарды сақтауға және ауыр, зиянды әрі қауіпті жұмыстарға тартпауға міндетті.

    Кәмелетке толмағандармен еңбек шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес жасалады. 18 жасқа толмаған қызметкерлер үшін еңбек қызметін оқу үдерісімен және жан-жақты дамумен ұштастыруға мүмкіндік беретін қосымша кепілдіктер қарастырылған.

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Сапарғалиев М.Б.:

    «Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау – мемлекеттік еңбек инспекциясының басым бағыттарының бірі. Әрбір жас азамат еңбек жолын бастағанда өзінің құқықтарының заңмен қорғалатынын, ал жұмыс берушілер еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға міндетті екенін білуі тиіс», – деп атап өтті.

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті жұмыс берушілерді еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға, ал кәмелетке толмаған қызметкерлер мен олардың ата-аналарын өз құқықтарын білуге және құқықтары бұзылған жағдайда уәкілетті органдарға уақытылы жүгінуге шақырады.

    Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын сақтау – жас ұрпақтың қауіпсіз болашағы мен әділ еңбек мәдениетін қалыптастырудың маңызды кепілі.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары