
Түркістан қаласында 2026 жылдың қаңтар – маусым айларының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен рейтингтік индикаторлардың орындалу барысы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте талқыланды.
Жиында Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Бөлегенов алғашқы алты айдағы рейтингтік индикаторлардың орындалуы туралы баяндама жасады.
Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша қала экономикасында бірқатар негізгі бағыттарда тұрақты өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 133,9 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 138,9 пайызды, бөлшек сауда көлемі 127,9 пайызды, құрылыс жұмыстарының көлемі 120,4 пайызды құрады.
Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 176,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,6 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Сонымен қатар 125,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бекзат шағынауданындағы өндірістік парк аумағында 5 дайын өндірістік ғимараттың құрылысы толық аяқталды. Жалпы құны 11,8 млрд теңгені құрайтын төрт инвестициялық жобаны орналастыру жөнінде келісімдер жасалып, нәтижесінде 580 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Қаржы саласында да оң динамика сақталды. Алғашқы алты айда бюджеттің өзіндік кірістері 36,2 млрд теңгені құраған.
Мәжіліс барысында қала әкімі жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз ете алмаған бөлімдердің жұмысын сынға алып, жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді.
– Алғашқы жартыжылдық қорытындысында бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге қол жеткіздік. Дегенмен, кейбір бөлімдер бекітілген индикаторлардың орындалуын толық қамтамасыз ете алмады. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Әрбір басшы өз саласындағы көрсеткіштердің орындалуына дербес жауапты. Үшінші тоқсанның қорытындысына дейін барлық кемшіліктер жойылып, жоспарланған индикаторлар толық орындалуы тиіс. Бізге есеп үшін емес, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс қажет, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Жиын қорытындысында қала басшысы үшінші тоқсан қорытындысына дейін орындалмаған индикаторлар бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу, рейтингтік көрсеткіштерді жақсарту, бөлімдер арасындағы өзара үйлестіруді күшейту және әрбір индикатордың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.









